23 маусымда Алматы және Талдықорған қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтіледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ның ресми сайтында жарияланған ақпараттан белгілі болды.
Синоптиктердің түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Олардың қатарына желсіздік, әлсіз жел, тұман және ауа инверсиясы жатады.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын аумақтарда, ашық ауада ұзақ уақыт болмауға кеңес береді.
Сондай-ақ өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар азаматтарға сыртта жүрген кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер Өзбекстан аумағынан келетін ауа массаларының әсерінен Қазақстандағы ауа райы күрт өзгеретінін хабарлаған болатын. Соның салдарынан елдің бір бөлігінде ауа температурасы төмендеп, салқындық орнаса, кей өңірлерде аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріледі.





