Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны әзірлеу және қабылдау үдерісінде журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні әрі қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.
– «Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде конституциялық реформаның табысты жүзеге асқанын атап өтті.
– «Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам», – деді ол.
Президенттің айтуынша, арнайы құрылған Конституциялық комиссия Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан жан-жақты саралаған.
– «Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі», – деді Мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, комиссия отырыстарының әлеуметтік желілердегі эфирлері миллионнан астам қаралым жинаған.
– «Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болғанын атап өтіп, журналистердің жаңа Конституцияны әзірлеудегі рөліне ерекше тоқталды.
– «Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды», – деді Мемлекет басшысы.





