Қазіргі қоғамда ақпарат алу әлдеқайда жеңілдеді. Әлеуметтік желі, мессенджер, бейнеплатформалар арқылы кез келген мәлімет санаулы секундта тарайды. Бұл – үлкен мүмкіндік. Адам білім алады, жаңалық көреді, өзіне қажет деректі оңай табады. Бірақ, интернет кеңістігінде адам санасына теріс әсер ететін, қоғамға қауіп төндіретін контент аз емес.
Қауіпті контент дегеніміз – адамның ой-санасын бұрмалауға, өшпенділік тудыруға, заңға қайшы әрекетке итермелеуге немесе жалған ақпарат арқылы қоғамда түсінбеушілік қалыптастыруға бағытталған материалдар. Мұндай контент діни, саяси, әлеуметтік немесе тұрмыстық тақырыпта болуы мүмкін. Әсіресе жастар арасында эмоцияға әсер ететін қысқа бейнелер, арандатушы жазбалар мен күмәнді парақшалар жылдам таралады.
Басты ерекшелігі – бірден көзге түсе бермейтін қауіпті контенттегі кейбір материалдар сырттай пайдалы кеңес, діни уағыз, мотивациялық сөз немесе қоғамдық пікір сияқты көрінеді. Алайда ішкі мазмұнында іріткі салу, заңды мойындамауға шақыру, радикалды көзқарасты ақтау немесе жалған деректі шындық ретінде көрсету белгілері көзге ұрады. Сондықтан интернеттегі кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарау маңызды. Ең алдымен ақпараттың қайдан шыққанына мән беру қажет. Белгісіз парақша, авторы көрсетілмеген жазба немесе ресми дереккөзге сілтемесі жоқ мәлімет сенімді ақпарат саналмайды. Егер мәтінінде «бәрінен жасырылған шындық», «тек біз ғана білеміз», «мұны дереу тарат» деген сияқты асығыс әрекетке итермелейтін сөздер болса, күмәнмен қараған жөн.
Екінші маңызды қадам – ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру. Бір ғана бейне немесе бір ғана жазба арқылы қорытынды жасау қателікке жақын. Әсіресе діни мазмұндағы ақпаратты ресми діни бірлестіктердің, білікті мамандардың және заңды ақпарат көздерінің мәліметтерімен салыстырған дұрыс. Дін атын жамылған күмәнді насихатқа еріп кетпеу үшін әрбір адам сенімді дерек пен кездейсоқ пікірдің айырмасын ажырата білуі керек.
Үшіншіден, эмоцияға ермеу керек. Қауіпті контент көбіне адамның ашуын, қорқынышын немесе аяушылық сезімін қозғау арқылы әсер етеді. Мұндай материалды бірден бөліспей, алдымен ойланған дұрыс. «Бұл ақпарат кімге тиімді?», «Мақсаты қандай?», «Дерегі нақты ма?» деген сұрақтар көп жағдайда қате әрекеттен сақтайды.
Төртіншіден, күмәнді парақшалар мен танымайтын топтарға тіркелуге болмайды. Әлеуметтік желідегі алгоритмдер адам көрген және қызығушылық танытқан материалдарға ұқсас контентті жиі ұсынады. Сондықтан қауіпті мазмұндағы бейнелерді жиі қарау, пікір жазу немесе бөлісу – сол бағыттағы ақпараттың көбейіп шығуына себеп. Мұндай жағдайда парақшаны бұғаттап, шағым қалдырған дұрыс.
Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтер жастарға интернетті тыйым салу емес, дұрыс түсіндіру арқылы пайдалануды үйрету қажет. Бала немесе жасөспірім қандай парақшаларға жазылғанын, қандай контент көретінін бақылаумен қатар, онымен ашық сөйлесу маңызды. Сенімді қарым-қатынас болған жерде жас адам күмәнді ақпаратты жасырмай, үлкендерден кеңес сұрай алады.
Қауіпті контенттен қорғану – тек мемлекеттік органдардың немесе мамандардың ғана міндеті емес. Бұл – әр азаматтың ақпараттық жауапкершілігі. Дұрыс ақпаратты таңдап, таратқанда ғана интернет кеңістігінің сапасына әсер етуге болады. Сондықтан әркім жалған, арандатушы немесе заңға қайшы материалға шектеу қою арқылы қоғам қауіпсіздігіне үлес қоса алады. Интернеттегі қауіптің алдын алу адамның өзінен басталады. Ақпаратты саналы қабылдай білсек, қоғамды адастыратын жалған насихат пен зиянды ықпалдың таралуына жол бермейміз.
Болат Асқарбек,
дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының киберқауіпсіздік және қарсы
насихат бөлімінің SMM маман-теологы





