Елімізде 2 шілде – Әскери-әуе күштері күні атап өтілуде. Кәсіби мереке әскери ұшқыштардың, авиация саласы инженерлерінің және еліміздің әуе кеңістігін қорғап жүрген барлық маманның мерейтойына арналған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған айтулы күн 1998 жылғы 2 шілдеде Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері құрамында Әскери-әуе күштерінің құрылуына орай белгіленген. Әуе кеңістігін күзету, стратегиялық нысандарды қорғау және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету – авиация бөлімшелерінің басты міндеті.
Қазіргі таңда Әскери-әуе күштері заманауи әскери техникамен жарақтандырылған. Құрылымда Су-30СМ және Су-27 көпфункциялы жойғыш ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ С-295, А-400 және L-410 әскери-көліктік авиация ұшақтары бар. А-400 ұшағы өз жұмысын бастағалы бері 500 тоннадан астам жүк жеткізіп, БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысқан жеке құрамды тасымалдау жұмысын тиімді атқарды.
Әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы үнемі жетілдіріліп отырады. Халықаралық және әскер түрлерінің оқу-жаттығулары авиациялық бөлімшелердің өзара іс-қимылын жақсартуға мүмкіндік береді. Ұшқыштар, инженерлік-техникалық құрам және байланыс мамандарының күнделікті қызметі Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға сүбелі үлес қосады.
Әуе қорғанысы күштерін жаңғырту – ел қауіпсіздігін сақтаудың маңызды кепілі. Заман талабына сай жарақтандырылған әскер түрлері мен білікті кадрлар – мемлекетіміздің аспанының ашық болуының басты негізі. Мереке қарсаңында азаматтарды қорғап, кәсіби шеберлік танытып жүрген барша маманның еңбегін бағалау – қоғамның парызы.





