Сарыөзектегі су мәселесін шешу бағытында қолға алынған жұмыс жанданды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі таңда бірінші кезең бойынша орталық аурухана мен теміржол маңындағы аумақ жаңа су жүйесіне қосылып жатыр. Бұл кезеңде мыңға жуық абонент қамтылады. Жұмыс мұнымен тоқтамайды. 15 шілдеден бастап екінші кезеңде ауылдың тағы бір бөлігі қамтылып, 41 шақырым жаңа су желісі арқылы 30-ға жуық көшедегі мыңнан астам абонент қосылады. Ал тамыз айының басында басталатын үшінші кезең аяқталған соң Сарыөзектің батыс бөлігінің тұрғындары да тәулік бойы үздіксіз берілетін ауыз суға қол жеткізеді. Барлық кезең аяқталған соң 2500-ден астам абонент жаңа су желісіне қосылады.
Кербұлақ ауданы әкімі Жанат Жүнісбековтің айтуынша, жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарды сусыз қалдырмай, ауыз суды үздіксіз беру. Мердігерлер әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс 8 отбасыға су жүйесі тегін қосып беріпті. Аудан басшылығы халықты жаңа жүйеге уақытылы қосылуға шақырып отыр. Себебі ескі су құбыры биыл 1 қыркүйектен бастап толық ажыратылады деп жоспарланып отыр.
Қазірдің өзінде жаңа жүйеге қосылған үйлер оның игілігін көруде. Бұрынғыдай су тоқтап қалады деген алаң жоқ. Есесіне жеке есептегіш арқылы әділ төлем жасалады. Бір кезде Сарыөзектің ең үлкен мәселесіне айналған ауыз су түйткілі кезең-кезеңмен шешілуде.






