Ұлттық домбыра күніне арналған рухани шара Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының күшіне енген күнімен тұспа-тұс келді. Бұл – ұлттық құндылықтар мен тәуелсіз еліміздің құқықтық негіздерінің сабақтастығын айқындайтын сәйкестік. Домбыра – халқымыздың рухани болмысының символы, ал Конституция – ел бірлігі мен тұрақтылығының тұғыры.
Мереке аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Талдықорған қаласындағы Арбат алаңы мен Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс аймағында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхана өткізген «Күмбірле, қасиетті домбыра!» атты кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесі. Іс-шараның ерекшелігі – кітап пен ұлттық өнердің өзара үндесті. Домбыра тақырыбындағы әдебиеттер мен тарихи басылымдар көпшілікке ұсынылып, жастар мен жасөспірімдер танымдық ойындарға қатысып, ұлттық мұра туралы білімдерін толықтырды. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың тарихи түсінігін кеңейтіп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауына орай мерекеде заманауи технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылды. Жасанды интеллект көмегімен дайындалған «Домбыра – ғасыр шежіресі» атты бейнетаныстырылым көрермендерді ұлттық аспаптың жаңа қырларымен паш етсе, түрлі көркем нақышта бейнеленген 80-нен астам домбыра суреті топтастырылған баннер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
«Домбыра әлеміне саяхат» танымдық алаңында қатысушылар ұлттық аспаптың тарихы мен атақты күйшілер туралы білімдерін сынады. Ескелді және Көксу аудандарының кітапханашылары цифрлық технологияларға негізделген инновациялық жобаларын таныстырса, «Ақыл-ой әлемі» алаңында тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы жарыстары ұйымдастырылды. Мерекеде мотивациялық, психологиялық әдебиеттер, әлемдік бестселлерлер мен балалар кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Ал «Кітап – мәңгілік мұра» жәрмеңкесіне «Мазмұндама» баспасы, SayBooks және «Арнау Принт» кітап дүкендері қатысып, жаңа басылымдарын көпшілікке тиімді бағамен ұсынды.
Ұлттық домбыра күніне арналған бұл мәдени шара өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірге айналды. Дәстүр мен цифрлық технологияның үйлесімі арқылы ұлттық мұраны насихаттаудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп, кітап пен өнердің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Ғалия ЕШЕНОВА,
облыстық С. Сейфуллин
атындағы орталық кітапхананың кітапханашысы





