Айдыны ақ сәуле құшып, айға малшынған Алакөл – табиғаттың жүрегінен төгілген тылсым күй. Таң шапағы толқынының маңдайынан сүйіп, самал лебі жағалауды әлдилеген шақта көл беті көк аспанмен тілдескендей болады. Сан ғасырдың сырын қойнына бүккен алтын сандық секілді қасиетті айдынға әр жаз сайын мыңдаған жан ат басын тірейді. Бірі шипалы суына шомылып бой сергітсе, екіншісі жан тыныштығын іздеп келеді. Өйткені Алакөл Жетісу аймағының табиғи келбетін айшықтап тұрған асыл қазына.
Осынау көркем де көрікті өлкедегі туризм саласының бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Алакөл ауданының Ақши ауылында өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысты. Сапар барысында журналистер жағалауда жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалармен танысып, туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарға куә болды.
Бүгінде Жетісудың жауһары атанған Алакөл жаңа туристік маусымды үлкен дайындықпен қарсы алып отыр. Биыл жағалауда екі миллионға жуық демалушыны қабылдау жоспарланған. Бұл өңір туризмі тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Қуатты электр стансылары пайдалануға беріліп, жағалауды бекіту жұмыстары қарқын алған. Өйткені жыл сайын көл суының деңгейі өзгеріп, толқындар жағалауды шайып, табиғи аумаққа қауіп төндіруде. Сондықтан қорғаныс құрылыстары табиғаттың тепе-теңдігін сақтап, демалыс аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақта экологиялық қауіпсіздік мәселесіне де айрықша назар аударылған. Ақши ауылында Алакөл жағалауына арналған ауқымды кәріз жүйесінің алғашқы әрі ең күрделі кезеңі аяқталды. Жоба аясында ұзындығы шамамен 70 шақырымды құрайтын кәріз желісі тартылған. Бұрын әрбір демалыс орны ағын суды өз мүмкіндігімен тазартса, енді заман талабына сай орталықтандырылған тазарту жүйесі іске қосылады. Бұл өз кезегінде көлдің табиғи тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жүзеге асу барысы туралы «Толағай Global» ЖШС техникалық директоры Мәди Отарбаев:
– Құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен жетпіс пайызы аяқталды. Нысандағы жұмыстарды биыл аяқтап, 2027 жылдың маусым айында толық пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сол кезде барлық нысан орталық кәріз жүйесіне қосылады, – дейді.
Экологиялық инфрақұрылыммен қатар, көп жылдан бері туристік аймақтың өзекті мәселесіне айналған электр энергиясының тапшылығы да кезең-кезеңімен шешімін тапқан. Бұған дейін демалыс маусымы қызған шақта электр желісіне түсетін жүктеменің артуы салдарынан жарықтың жиі үзілуі кәсіпкерлер мен келушілерге қолайсыздық туғызатын. Биыл бұл түйткілдің түйіні тарқатылып, Ақши ауылында екі жаңа электр қосалқы стансысы іске қосылды. Сонымен қатар 57 шақырым жаңа электр желісі тартылды. Соның нәтижесінде жағалаудағы демалыс орындары тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіліп, туристік маусым кезінде жүйенің сенімділігі айтарлықтай артқан.
Жағалаудың тазалығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Биыл демалыс аймағына жүзге жуық қоқыс контейнері орнатылып, коммуналдық қызметтердің жұмыс кестесі күшейтілген. Тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, жағалауды күнделікті тазалау және қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі жолға қойылған. Бұл жұмыстардың барлығы табиғаттың көркін сақтап, демалушыларға қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, жағалауда тазалық мәдениетін қалыптастыруға қажетті жағдай толық қарастырылған.
– Демалушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді. Жағалаудағы әрбір демалыс сәкісінің жанында қоқыс жәшіктері қойылған. Қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылып, шыны, пластик секілді тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға мүмкіндік жасалған. Коммуналдық қызметтердің жұмысы тұрақты бақылауда. Ендігі кезекте табиғаттың тазалығын сақтау әрбір демалушының жауапкершілігіне де байланысты, – деді Марлен Қанатұлы.
Табиғаттың тұмса қалпын сақтау мен туризмнің тұрақты дамуын қатар ұштастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар Алакөл жағалауының әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге негіз қалайды.
Туристік аймақтың келешегіне әсер ететін маңызды мәселелердің тағы біреуі – көктемгі су тасқыны кезінде көл деңгейінің көтерілуінен жағалаудың шайылуы. Табиғи құбылыс жыл сайын жағалау сызығын өзгертіп, демалыс орындары орналасқан аумаққа қауіп төндіреді. Сондықтан бүгінде негізгі күш жағалауды инженерлік тұрғыдан қорғауға бағытталған. Осы мақсатта Ақши ауылында толқынның екпінін бәсеңдететін жағалауды нығайту құрылыстары қарқын алған. Қазіргі таңда 1,5 шақырымнан астам қорғаныс белдеуі салынған. Жоба табиғаттың тосын мінезінен туындайтын қауіптің алдын алып қана қоймай, туристік нысандардың ұзақмерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болмақ.
Дегенмен, мұндағы жұмыс қорғаныс құрылысымен шектелмейді. Жағалау бекітілгеннен кейін оның келбетін жаңғыртып, демалушыларға жайлы кеңістік қалыптастыру көзделген. Кей тұстарда көл табаны күрт тереңдеп, жағалау тастанып кеткендіктен, суға түсуге қолайсыздық туындайды. Алдағы абаттандыру жұмыстары осы мәселені де шешуге бағытталмақ. Бұл жөнінде Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов жағалауды дамыту бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді.
– Ең алдымен жағалауды табиғи апаттың әсерінен қорғап алуымыз қажет. Сондықтан бүгінгі міндет – қорғаныс құрылымдарын толық аяқтау. Осы жұмыстар аяқталған соң екінші кезеңде жағалауды абаттандыру қолға алынады. Серуен аймақтары мен жағалау кеңістігі заман талабына сай ретке келтіріледі, – деді аудан әкімі.
Жағалауда қоғамдық тәртіпті сақтау да күшейтілген. Туристер көп шоғырланатын аумақтарда елуге жуық полиция қызметкері үздіксіз қызмет атқарып, құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Сонымен бірге шомылуға арналмаған әрі жабдықталмаған жағажайлар заманауи технологияның көмегімен бақылауға алынған. Арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы қауіпті аймақтарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, талапқа қайшы әрекеттердің алдын алу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Бұндай кешенді қауіпсіздік шаралары демалушылардың алаңсыз тынығуына жағдай жасап қана қоймай, Алакөл жағалауындағы туристік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Табиғаттың тамашасын көруге келген әрбір қонақтың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда екені осы жұмыстардан анық байқалады.
Жағалаудағы өзгерістер мен атқарылған жұмыстардың нәтижесін ең алдымен демалушылардың өзінен аңғаруға болады. Туристік маусым қызған шақта Ақшиге келген қонақтардың қарасы қалың. Олардың айтуынша, соңғы жылдары қызмет көрсету деңгейі жақсарып, қауіпсіздік пен қолайлылыққа ерекше көңіл бөлінген.
Ақши ауылына көршілес Бескөл ауылынан келген Абылай Қыңырбеков жаз бойы көлде қайық жүргізіп, туристерге қызмет көрсетеді. Оның сөзінше, өңірде тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
– Жазғы маусым басталысымен осында қызмет атқарамын. Көлге келетін қонақтардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына бәріміз бірлесе үлес қосып келеміз. Құтқару қызметі қажетті техникамен қамтамасыз етілген, тиісті мамандар тұрақты кезекшілікте. Туристердің жақсы әсермен қайтуы – біз үшін ең үлкен нәтиже, – дейді ол.
Демалушылардың қатарында Талдықорған қаласынан келген Айбол Чарипхан да бар. Ол Алакөлге жыл сайын апасымен бірге келуді дәстүрге айналдырған. Оның сөзінше, көлдің шипалы суы мен емдік батпағы денсаулыққа оң әсерін тигізіп келеді.
– Алакөлге жыл сайын апаммен бірге келеміз. Жасы үлкен адам болғандықтан, емдік балшықты арнайы сатып алып, үйге де алып қайтамыз. Оның пайдасын бұрыннан көріп жүрміз. Сондықтан бұл жерге, демалудан бөлек денсаулықты нығайту мақсатында да келуге болады. Биыл жағалаудағы өзгерістер бірден көзге түседі. Тазалыққа ерекше көңіл бөлінген, қауіпсіздік шаралары күшейген, қызмет көрсету сапасы жақсарған. Қажетті дүниенің бәрі бар. Осындай табиғаты ерекше жерге келген әрбір адам айналаның тазалығын сақтап, ортақ игілікке жанашырлықпен қараса деймін, – дейді ол.
Демалушылардың пікірінен-ақ жағалауда қолға алынған жұмыстардың нақты нәтижесі байқалады. Инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік шараларын күшейту және қызмет көрсету мәдениетін жетілдіру бағытындағы жүйелі қадамдар Алакөлдің туристік әлеуетін арттырып, өңірдің тартымдылығын жылдан-жылға күшейте түсуде.
Туристік маусымдағы басты басымдық – келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы алдын алу шараларының нәтижесі де байқалады. Шомылу маусымы басталғалы бергі 2 аптаның ішінде Алакөл жағалауында бірде-бір төтенше жағдай мен жазатайым оқиға тіркелмеген. Айдындағы ахуалды бақылау тәулік бойы тоқтаған емес. Көл акваториясында арнайы жабдықталған катерлермен 14 құтқарушы кезекшілік атқарады. Олар демалушылардың қауіпсіздігін қадағалап қана қоймай, қажет болған жағдайда жедел көмек көрсетуге әрдайым дайын.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Алакөл ауданы





