Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің өзегі, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заң тәуелсіз Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуының негізгі бағыттарын айқындады.
Конституцияда бекітілген заң үстемдігі қағидаты нотариат қызметінің де басты ұстанымы. Нотариус өз қызметінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қор- ғауға, құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқықтық даулардың алдын алуға қызмет етеді.
Соңғы жылдары елімізде жүргізілген конституциялық реформалар құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталды. Конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, заңның үстемдігін күшейтуге және азаматтардың әділдікке қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.
Нотариат – қоғамдағы құқықтық тұрақтылықтың маңызды институттарының бірі. Күнделікті тәжірибеде нотариус мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу, мәмілелерді куәландыру, сенімхаттарды рәсімдеу, заңды маңызы бар құжаттардың дұрыстығын растау арқылы азаматтардың құқықтарының сақталуына үлес қосады. Әрбір нотариаттық іс-әрекет Конституция қағидаттарына, заңдылық, тәуелсіздік, бейтараптық және нотариаттық құпия қағидаларына негізделеді.
Конституция – тек заңгерлердің ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты құжат. Өз құқықтары мен міндеттерін білетін қоғам ғана әділетті әрі тұрақты мемлекет құра алады. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалып- тастыруда нотариустардың ағартушылық қызметі де ерекше маңызға ие.
Конституция күні – заңға құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің және ел бірлігінің мерекесі. Ата Заңымыздың қағидаттары әрдайым мемлекетіміздің дамуына, қоғамымыздың бірлігіне және әрбір азаматтың әл-ауқатының артуына қызмет ете берсін!
Гүлзира НҰРҒАЗИНОВА,
Жетісу облысының жекеше нотариусы





