Жетісу облысының інжу-маржаны саналатын Алакөлде қатты дауыл салдарынан тоғыз адамнан тұратын көпбалалы отбасы қауіпті жағдайға тап болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Су айдынындағы кенеттен басталған жел салдарынан жеті бала мен екі ересек адам көлдің терең жағына ағып кете жаздаған. Оқиға Ақши ауылы маңындағы «Көктем Гранд» демалыс аймағына жақын жерде орын алды. Демалушылар табиғат мінезінің тосын құбылысына дайын болмай, өздігінен жағаға қайта алу мүмкіндігінен айырылған.
Дабыл сигналы түскен бойда Ақши ауылының Жедел-құтқару жасағы мен Алакөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына дереу жетті. Кәсіби мамандардың үйлесімді іс-қимылының арқасында қайықпен барлық демалушы қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Бақытымызға орай, зардап шеккендер тіркелмеді және ешкімге медициналық көмек қажет болмады. Осы оқиға су айдындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.





