Шандоздап шапқан ағаштан қалақтай асыл аспапқа айналған қасиетті домбыраға арналған мерекеміз бар. Осынау Домбыра күні мерейлі мереке сипатында аталып өтуде. Бұл орайда Жетісу облысының әр сайында саз қалықтап, әр бұтасынан күмбір күй төгілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талдықорған қаласындағы Қаратал жағажайында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Домбыра – дала жүрегі» атты мерекелік мәдени шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше рухани әсер сыйлады. Өнер кешіне облыс тұрғындары, қала қонақтары, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, жастар мен күйсүйер қауым жиналып, ұлттық өнердің ұлылығына бірге куә болды.
Мұндай мерекелік кеш аудан-аудандарда да жалғасын тапты. Ал Талдықорған төрінде Ақсу, Көксу, Ескелді және Кербұлақ аудандары арнайы мерекелік бағдарлама ұсынып, жетісулықтарды ән мен күйге бөледі. Облыс орталығындағы Арбат алаңында «Домбыра – дала жүрегі» атты мерекелік мәдени бағдарлама өрнек тауып, онда өңірдің шығармашылық ұжымдары ұлттық өнерді насихаттады.
Сарқан қаласында Ұлттық домбыра күні аясында ауқымды іс-шара өткізілді. Мереке 250 домбырашының шеруімен басталып, қала көшелерінде күй мен дәстүрлі әндер орындалды. Аталған шеру орталық базар алаңында жалғасып, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
Ескелді ауданындағы Жеңіс саябағында «Ұлы даланың үні – домбыра» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері, мәдениет саласының мамандары және мектеп оқушылары бір мезгілде күй төкті. 300 домбырашының шеруі көпшіліктің зор ықыласына ие болды.
Мұндай тағылымды дүние өз кезегінде Панфилов ауданында да жалғасты. 500 домбырашы шеруі ұйымдастырылып, ұлттық күй өнерін ұлықтауға бағытталған концерттік бағдарлама қойылды. Шара барысында халық күйлері орындалып, ұлттық өнер құндылығы кеңінен насихатталды.
Жалпы, Жетісу облысының қала және аудандарында Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді. Мұндай мерекелік бағдарламалар мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға, дәстүрлі күй өнерін дәріптеуге, сондай-ақ өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталғанын да айта кеткен жөн.





