Талдықорғанда әлеуметтік желіге жарияланған қауіпті видеодан кейін оқиғаға қатысы бар азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында 19 жастағы Талдықорған тұрғынының қатысуымен түсірілген видеоны анықтаған. Кадрларда қыз автокөлік қозғалып келе жатқан кезде көліктің терезесінен шығып, ойын-сауық орындарының бірін жарнамалап, сусын ішіп, қоқысты жол бойына лақтырған.
Полицияның мәліметінше, тексеру барысында оқиғаға қатысы бар барлық азамат анықталды. Видеодағы қыз ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– «Полиция әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруге себеп болмауға тиіс екенін еске салады. Мұндай әрекеттер қатысушылардың өзіне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтіреді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, сондай-ақ заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды, қоғамдық тәртіп пен өзара құрметті нығайтуды көздейтін «Заң және тәртіп» қағидаты шеңберінде тұрақты түрде жүргізілетіні атап өтілді.





