Жетісу облысында жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 60-қа жуық дерегі анықталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кезекті құқық бұзушылық Алакөл ауданындағы дүкендердің бірінде тіркелді. Тексеру барысында сатушының алкоголь өнімдерін заңнамада белгіленген уақыт талабын бұза отырып өткізгені анықталды. Аталған дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан тыс сату бойынша 40-қа жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Құқық қорғау органдары алкоголь өнімдерінің заң талаптарына сай сатылуын бақылау қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Осыған байланысты полиция сауда орындарының иелері мен сатушыларын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ведомствоның хабарлауынша, өңірде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.





