Жол-көлік оқиғалары бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Мамандардың айтуынша, апаттың басым бөлігі жылдамдықты асыру, ережелерді сақтамау, қарсы бағытқа шығу салдарынан орын алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы толығырақ Жетісу облысы Полиция департаменті Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторы, полиция майоры Диас Молдабергенов мәлімдеді. Облыстағы республикалық маңызы бар автожол жұмыстары туралы баяндаған ол:
Облыс аумағында жолдағы қауіпсіздікті арттыру және алдын алу бойынша талапқа сай қажетті жұмыстар атқарылып келеді. Соның өзінде, жол-көлік оқиғалары орын алуда. Ағымдағы жылы облыс көлемінде 501 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 856 адам әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Біздің тараптан, аталмыш оқиғалардың алдын алу мақсатында 700-ден астам нұсқаулықтар жолданып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, жолды күтіп ұстау жұмыстары бойынша тиісті деңгейдегі талаптарды орындамағаны үшін 129 жауапты мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті.
Спикер өз кезегінде атқарылған жұмыстар ауқымын толықтырып, жол қозғалысын қадағалауды жетілдіру және апатты жағдайдан сақтандыру үшін 13 қызметтік автокөлікке жылдамдықты өлшегіш құралы, камералар орнатылғанын, дрон іске қосылғанын да тілге тиек етті. Оған қоса республикалық, облыстық маңызы бар автожолдарда 97 автоматты тіркеу жүйесі бар, 482 бейнекамера орнатылған.
Сөз соңында, полиция майоры, жүргізушілерге қазіргі суға түсу, еңбек демалысына шығу маусымында жолға шыққанда көліктердің әдеттегіден көп болуына байланысты, қауіпсіздікке айрықша мән берулерін ескертті. «Жолға шықсаң, жолдасыңды сайлап шық» дегендей, жолға қамданып шығу, жауапкершілікті сезіну рөл ұстаған адамның бәріне ортақ талап. Ал, талаптан шықпағандардың тағдыры қара жолда түгесілуі мүмкін екенін қаперде ұстағанымыз жөн.





