«Жетісу» газеті редакциясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтықты арттыру және корпоративтік этиканы нығайту бойынша кеңейтілген жиын өтті. Кездесуге редакция басшылығы, бөлім жетекшілері және жауапты мамандар қатысты.
Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелі түрде жүргізудің маңызы, сондай-ақ ақпараттық ұйымдардағы ішкі тәртіп пен қызметтік жауапкершілікті күшейту қажеттілігі сөз болды. Басшылықтың айтуынша, редакцияда жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары мұнымен шектелмей, жаңа талаптар мен тетіктер енгізілмек.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар маңызды жоспарлар қабылданды:
-
ішкі бақылау және мониторинг жүйесін күшейту;
-
қызметкерлер арасында тұрақты профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
-
этика кодексін сақтау бойынша жауапкершілікті арттыру;
-
сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған қосымша шаралар енгізу.
Редакция басшылығы қауіпті жағдайлардың алдын алуда ашықтық пен адалдық басты қағида болуы тиіс екенін атап өтті. «Жетісу» газетінің ұжымы үшін этикалық нормаларды сақтау, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғам сенімін нығайту — басым бағыттардың бірі.
Сонымен қатар қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық фактілері анықталған жағдайда дереу хабарлау тәртібі түсіндіріліп, жұмыс орнындағы тәртіп пен жауапкершілік талаптары нақты белгіленді.
Редакция алдағы уақытта да адалдық мәдениетін қалыптастыруға, кәсіби этиканы нығайтуға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне жол бермеуге бағытталған шараларды жалғастыратынын жеткізді.





