Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жетісу Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы М.Дауталинова мен комплаенс-офицер А.Султанбек «Жетісу» газетінің журналистерімен арнайы кездесу өткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесудің басты мақсаты – медиа саласындағы қаржылық және беделдік тәуекелдерді төмендету, сондай-ақ ұжым арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Кәсіпорын басшылығы журналистердің күнделікті қызметінде заңдылық пен этикалық нормаларды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Комплаенс-офицер А.Султанбек сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі саясаттың тетіктерін түсіндіріп, кез келген заңсыз әрекет кәсіпорынның беделіне ғана емес, бүкіл ақпараттық саланың сенімділігіне нұқсан келтіретінін ескертті.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың V сессиясында сөйлеген сөзі кеңінен талқыланды. Президент өз баяндамасында сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі жүргізу қажеттігін, бұл дерттің мемлекет дамуына кедергі келтіріп, халықтың билікке деген сенімін әлсірететінін қадап айтқан болатын.
«Жетісу Медиа» ұжымы Президент айтқан «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, ақпараттық кеңістікте әділдік пен ашықтықты насихаттауға уағдаласты.
Ортақ міндет – таза қоғам
Кездесу соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек арнайы органдардың емес, әрбір қызметкердің, әсіресе қоғамдық пікір қалыптастыратын журналистердің ортақ міндеті екені атап өтілді. Басшылық мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді.





