Қазақстанда жалпы құны 182,3 миллион теңге болатын алты алтын құйма тәркіленді. Қырғызстан азаматы оларды Қазақстан арқылы Қытайға жасырын алып өтпек болған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, әйел алтынды Қырғызстаннан сатып алып, «Қордай Авто» өткізу бекеті арқылы Қазақстан аумағына кірген.
Қымбат металды кеденшілер мен шекарашылардың тексеруінен жасыру үшін ол әр аяқ киімінің ұлтарағының астына үш құймадан салып алған. Алайда «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының маңында жүргізілген тексеру кезінде жасырылған алтындар анықталды.
Тәркіленген алты құйманың жалпы салмағы 2,8 келіге жеткен. Олардың құрамындағы таза алтынның үлесі 99 пайыздан асады.
Бас көлік прокуратурасының өтініші бойынша сот алтын құймаларды тергеу аяқталғанға дейін тәркілеуге рұқсат берді. Нәтижесінде алты құйманың барлығы мемлекет меншігіне өтті. Олардың жалпы құны 182,3 миллион теңгеге бағаланған.
Сот қаулысы заңды күшіне енді. Қазіргі уақытта іс бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр.





