2026 жылғы наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жыл сайынғы білім бақылауына 184 мыңға жуық адам ниет білдірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп талапкерді құрайды. ҰБТ 2 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Талапкерлер өтініш беру кезінде тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.
ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш бергендердің сертификаты комиссия шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. Ең жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады. Наурыздағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін ниет білдірген түлектер мен студенттер қатысады.





