Елдік мұрат, береке-бірлік пен ұрпақ сабақтастығы – тәуелсіз мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі. Осы құндылықтарды сақтап, қоғам талабына сай дамыту жолында Ата Заңды уақыт ағымына қарай жетілдіріліп отыру орынды құбылыс. Бұл жөнінде Елордада өткен «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің отырысында кеңінен айтылып, аға буын жаңа Конституция жобасын қолдайтынын жеткізді.
Кеңейтілген жиынға орталық кеңестің төралқа мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлерден келген ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Жиында негізгі баяндаманы «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жасаса, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының ардагерлер кеңесінің төрағалары да сөз сөйледі. Сондай-ақ, облыстардан келген ұйым төрағалары ашық әңгіме аясында ұсыныс-пікір білдіріп, елдің тілегін жеткізді.
Жиында ел дамуының маңызды мәселелері талқыланып, жаңа Конституция жобасы түсіндірілді. Ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңдегі міндеттер мен жоспарлар айқындалды. Басқосу барысында ұйым мүшелері бұрынғы конституциялық ұстанымда «адам мемлекет үшін қызмет етсе», жаңа жобада «мемлекет халыққа қызмет етуі тиіс» деген қағидаттың айқын көрініс тапқанын тілге тиек етті.
Расында, бүгінгі таңда Қазақстан тарихи маңызы бар кезеңді бастан өткеріп отыр. Қоғамда Ата Заңға енгізілетін өзгерістер қызу талқыланып, халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдануы – ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді халықтың өзі айқындайтын демократиялық қағидаттың айқын көрінісі.
Әр мемлекет өзінің тарихи даму жолына сәйкес саяси жүйесін жетілдіреді. Қазақстан да тәуелсіздік жылдары ішінде күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, жаңа қоғамдық қатынастар мен экономикалық жүйені қалыптастырды. Ұзақ жылдар бойы социалистік жүйе үстемдік еткен кеңестік кеңістіктен шыққан ел үшін саяси және құқықтық реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында қоғам пікіріне ерекше көңіл бөлінді. Жаңартылған Ата заң жобасы мемлекет дамуының жаңа кезеңіне сай құқықтық негізді нығайтуды көздейді. Құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру секілді маңызды бағыттар қамтылған.
Жобаға сәйкес Парламент құрылымы жаңартылып, оған тарихи «Құрылтай» атауы беріледі. Басқару жүйесіне Вице-президент институтын енгізу қарастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жаңа қоғамдық институт – «Қазақстанның Халық Кеңесін» құру ұсынылып отыр. Мұндай өзгерістер мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.
Отырыста аға буынның қоғам өміріндегі орны мен жауапкершілігі де кеңінен сөз болды. Ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңін бастан өткерген ардагерлер жинақтаған тәжірибесі мен өмірлік тағылымы арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Ұрпақ сабақтастығын сақтап, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу ісінде ардагерлердің үлесі ерекше.
Жиын барысында Ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстары да сараланды. Соңғы жылдары ұйым қоғамдық келісімді нығайтуға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған көптеген игі бастаманы жүзеге асырып келеді. Өңірлердегі ардагерлер кеңестері жергілікті жерлерде қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, ұрпақ тәрбиесіне және тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде атқарып отыр.
Жетісу өңірінің ардагерлері де бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысуда. Аймақта жастар тәрбиесі, қоғамдық келісімді нығайту, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында көптеген іс-шара жүзеге асырылуда. Осы орайда ауылдық, аудандық, қалалық ардагерлер ұйымы түрлі кездесу, конференция ұйымдастырып, жұмысын жүйелеп жүргізуде. Сондай-ақ, жаңа Конституцияны түсіндіру жұмысына да зор үлес қосып отырғанын айта кету керек. Алдағы уақытта облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясында да маңызды құжат туралы тың ойлар көтерілетін болады.
Жалпы, жаңа Конституция жобасы елдің болашағына бағытталған маңызды тарихи қадам ретінде бағаланып отыр. Ол құқықтық мемлекет құрудың, қоғамдық келісімді нығайтудың және әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастырудың берік негізін қалайтыны анық.
Кеңестің соңында ардагерлер қауымы еліміздің барлық азаматтарына арнайы үндеу жолдады.
Ардагерлер қауымы үндеуінде ел азаматтарын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырып, мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Өйткені ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер халықтың бірлігі мен саналы таңдауы арқылы айқындалады. Аға буын өкілдерінің пікірінше, жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін нығайтып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға бағытталған маңызды құжат болмақ. Сондықтан жалпыхалықтық референдумға қатысу – елдің жарқын болашағына жасалатын жауапты қадам екенін ұмытпайық.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы





