Түгін тартсаң майы шығатын құнарлы, аграрлы саялы Сарқан өлкесі бүгінде өркендеп келе жатқан аймақтың бірі. Осыған орай, аудан орталығына барып, тыныс-тіршілігімен танысып, барлық жаңалығынан құлағдар болдық. Еңсе көтеріп, елге сүйіншілейтін жаңалық аз емес.
Тілшілерді аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев қарсы алып, өңірде атқарылып жатқан шаруаларды айтып, алдағы жоспарымен бөлісті. Аудан әкімі алдымен қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына тоқталды.
Аудан орталығында салынып жатқан 120 пәтерлі 5 қабатты екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын көрдік. «Болашақ» шағын- ауданындағы үйлерді «Компания строй индустрия» ЖШС салуда. 5 қабатты екі тұрғын үйде 60 үш бөлмелі, 30 екі бөлмелі, 30 бір бөлмелі пәтер бар. Бұлардың барлығы тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға беріледі. Құрылыстың 85 пайызы аяқталыпты. Бүгінде екі үйде 30-ға жуық құрылысшы жұмыс істеуде. «Үйдің ішкі жұмыстары ғана қалды. Тұрғын үйді сапалы әрі жоспарға сай өткіземіз», – дейді мамандар.
Сонымен қатар келесі жылы дәл осы үйдің қасынан тағы да 120 пәтерлі көпқабатты екі үй салынбақ. Ол кредиттік негізде берілмек. Бұдан бөлек тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бөгенбай батыр, Буашев, Тәуелсіздік және Қонаев көшелерінің бойына жаяу жүргіншілер жолдары салынып, абаттандырылуда.
Осыдан кейін Мәңгілік ел көшесінде тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін салынып жатқан 50 жаңа үйдің құрылысын көрдік. Бұл үйді инвесторлар өздері салып жатыр екен. Жергілікті әкімдік пен құрылысқа жауапты «TEMIR STROY ALATAU» ЖШС арасында «Тұрғын үй салу, сатып алу» меморандумы жасалыпты.
– 3 бөлмелі 50 пәтерді инвесторлар өз қаржысына салып жатыр. Содан кейін біз үйлердің сапасын тексеріп, сатып аламыз. Бір үйдің құны 17 млн. 652 мың теңге болады. Бір үй 60 ш.м. Аумағы 10 сотық. Сондай-ақ, инвесторлар үйдің сыртын қоршап, көмір қора салып береді. Тамыз айында алғашқы 15 үйді сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұратбек Рымбаев.
Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталады.
А. НАЗАРҰЛЫ
Сарқан ауданы