Алманың отаны – қазақ жері. Оның ішінде жер жаннаты Жетісу өңірі. Дүниежүзіндегі алма атаулының арғы атасы осы жерде өскенін ғалымдар дәлелдеп жүр. Бау-бақшасында жеміс-жидегі төгілген Текелі де алма ағашының мәуелі жеміс беруіне қолайлы жер.
Қалалық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі берген мәліметке сәйкес жалпы қала аумағында он шақты шаруа қожалығы 50 гектардан астам жерге алма өсіреді. Солардың бірі – «Есболов» шаруа қожалығы. 2 гектар аумақты алып жатқан алма бағының биылғы өнімі көз қуантады.
Шаруа қожалығының агрономы Нұрлан Есенғабылов: «Алма бағындағы ағаштардың біразы биыл бірінші рет жеміс беріп жатыр. Былтыр алмаға қолайсыз жыл болғанын білесіздер. Алдыңғы жылы ерте егілген ағаштардың алмасын жинадық. Жеміс ағашының көшеттері Кеген, Көксу аудандарынан әкелінді. Тамыры топыраққа тигеннен бастап жақсы күтім көрген ағаштың өсімі де, өнімі де жақсы болады. Шаруа қожалығында алма ағаштарын күтіп-баптайтын төрт жұмысшы бар. Олар уақытылы суарып, дер кезінде тыңайтқыштар сеуіп, түрлі зиянкестерден қорғау үшін дәрілеп отырады. Қаулаған шөпті шауып, жинайды. Алма ағаштары жылына бір немесе екі рет күзеледі, яғни артық бұтақтарын кесіп алып тастау қажет. Біздің баққа су канал арқылы келіп тұр. Суарудан қиындық көрмейміз. Ал алма сұрыптарына келер болсақ, алматылық жазғы апорт, қыстық пеструшка, айдарлет және кандиль деген сұрыптағы алмаларды өсіріп жатырмыз. Өнімді қолмен жинаймыз. 8 тоннаға лайықталған алма сақтайтын қойма бар. Жергілікті алмаларға сұраныс жоғары. Өйткені, жеміс ұзақ уақыт сақталуы және әдемі көрінуі үшін консервант, парафин немесе балауызбен өңдемейміз», – деп алма бағын баптау барысын баяндады.
Дәруменге толы, қысы-жазы сұранысқа ие алманы өсірудің көзін тауып, алма бағының бабын келістірген шаруа табысқа кенелері анық.
Жұлдыз ОРАЗАЛИНА,
Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы





