Талдықорғанда 14-қазан күні жалпықалалық сенбілік өтті. Оған әр мекеменің қызметкерлері, мектеп оқушылары, студенттер қатысты. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қаулысымен «15 қыркүйек пен 15 қараша аралығы – санитарлық тазалық айы» деп бекітілген болатын. Осыған орай облысымыздың әр жерінде күзгі тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бүгінгі сенбілікке 300-ге жуық ұйымнан 35 мыңдай адам қатысып отыр. Қолдарына қажетті тырма, күрек үлестірілді. 30-дан аса техника іске кірісті. Қаламыздағы әр көшеге әкімдіктен жауапты адамдар бекітілді. Ал мекемелердің қай аумақта жұмыс жүргізетіндігі алдын-ала ескертіліп, тапсырма берілген болатын. Тазалық айы қарашаға дейін жалағасады, – деді өз сөзінде Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Әсет Шаяхметов.
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген естілерден жеткен нақыл бүгінгілердің ұранындай. Қаламыздың тазалығы – әр қала тұрғынының міндеті. Шаһардың өркендеп, көркейіп, жасыл желекке айналып, таза болуы тікелей біздің міндетіміз.
Сенбілікке қатысқан жас ақын Медет Жұмабай: – Көктем мен күз айларындағы тазалық айлықтарына тұрақты қатысып тұрамын. Қаламыздың таза болуына кішкене де болса үлесімді қосқаныма ризамын. Бұл қалада әлемді өзіне қаратқан спортшы, жырымен еліне сыйлы ақын, сөз қадірін жете түсінген әдебиетшілер тұрады. Демек, бұл қала шығармашылыққа еркін болуы тиіс. Таза қала – таза ойлардың туындауына себепші, – дейді.
Сенбілік қарашаға дейін әр сенбі күндері жалғасады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.





