Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ата-ана академиясы» жобасы жаңа қарқынмен дамып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Аталған бастама отбасы институтын нығайтуды, ересектердің тәрбие жөніндегі білімін тереңдетуді және қоғамда жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдау бала тәрбиесіне ғылыми әрі психологиялық тұрғыдан келуге жол ашады.
2026 жылы ауқымды жоба аясында ел бойынша 40 мыңнан астам адамды оқытумен қамту жоспарланған. Қатысушылардың қатары тек ата-аналармен шектелмейді, оған педагогтер мен әлеуметтік қызмет мамандары да белсенді тартылуда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды және Ақмола облыстарында 30-дан астам білім беру іс-шарасы ұйымдастырылып, оң нәтижелер тіркелді. Мұндай жиындарға 1000-нан астам адам қатысып, баламен тіл табысудың заманауи әдістерін меңгерді.
«Ата-ана академиясы» дәстүрлі дәрістерді тренингтермен, семинарлармен және шеберлік сабақтарымен ұштастырады. Заман талабына сай ataana.kz онлайн-платформасы жаңартылып, ата-аналарға заңгерлерден, білікті дәрігерлер мен психологтардан жедел кеңес алуға мүмкіндік берілді. Платформада қаржылық сауаттылық, бала қауіпсіздігі және отбасылық өмірге психологиялық дайындық бойынша оқу материалдары мен арнайы подкасттар орналастырылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл цифрлық шешімдер қала мен ауыл ата-аналары арасындағы ақпараттық алшақтықты жоюға септігін тигізеді.
Сонымен қатар елімізде отбасы саясатын іске асырудың қосымша тетіктері де іске қосылуда. Министрлік БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорымен бірлесе «Отбасыға қолайлы жұмыс орны» жобасын қолға алды. Бастама еңбек пен отбасы міндеттерін тең ұстауға, корпоративтік мәдениетте ата-аналарды қолдауға бағытталған. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 152 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері бұл орталықтарға 10 мыңға жуық өтініш түсіп, 5 мыңнан астам отбасы нақты көмек алды.
Қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтатын мұндай жобалар қиын жағдайға тап болған жандарға рухани және құқықтық тірек болады. Саналы ата-ана болу – тек баланы бағып-қағу емес, оның тұлға болып қалыптасуына жауапкершілікпен қарау. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.





