9-13 желтоқсан аралығында ауыл мектептерінің 10-11(12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қорытынды кезеңі басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Астанада өтіп жатқан бұл кезең 7 пән бойынша екі турдан тұрады. Биылғы байқауға еліміздің барлық өңірінен 432 дарынды оқушы жолдама алып, өз білімін сынауға мүмкіндік алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Республикалық олимпиаданың басты мақсаты – ауыл мектептерінде оқитын дарынды балаларды анықтау, олардың қабілетін ашу және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету.
Соңғы жылдары ауылдық жердегі оқушылардың білім сайыстарына қызығушылығы айтарлықтай артқан. Былтыр алғашқы кезеңге 99 264 оқушы қатысса, биыл бұл көрсеткіш 125 000 оқушыға дейін өскен. Бұл ауыл мектептеріндегі білімге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Қорытынды кезең нәтижесінде қатысушылардың 45 пайызы жеңімпаз немесе жүлдегер атанады. Олар Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сонымен қатар, үздік шыққан оқушыларға еліміздің бірнеше жоғары оқу орындары ректорлық гранттар ұсынады.





