Аудан орталығынан ауылға қатынайтын күрежол тақтайдай тегіс. Заманында ойлы-шұқыры жамалмай жататын жолдың азабы ары-бері жолаушылаған жандардың ығырын шығаратын. Тәуелсіздік алғалы бері бір жөнделмеген. Жанайғайымыз жаңғырып келіп еді, енді мұратымызға жеттік. Балшыққа батпай, ұңғыма-шұңғымаға көлік доңғалағын түсірмей діттеген жерімізге жедел жетеміз.
Осылай деген Қаратал ауданына қарасты Ортатөбе, Кішітөбе ауылдарының тұрғындары Үштөбеден қос ауылға бастайтын жолдың асфальтталғанын жақсылыққа балап отыр. Мектеп салынып бітсе, медициналық бекет орнатылып ел игілігіне берілуге таяу қалғанын да ерекше қуанышпен атады. Нысандармен абаттанған ауылдың көшелері де көз тартар кейіпке енгеніне, сапалы салынғанына дән риза.
Үштөбе – Ортатөбе – Кішітөбе бағытындағы жолдың құрылыс жұмыстары бітуге таяу. Мердігер компания өкілінің айтуынша, жұмыстың 95 пайызы біткен. Бүгінде жолды абаттандыру және жолбелгілерді орнату жұмыстары ғана қалыпты.
– Үштөбе – Ортатөбе – Кішітөбе жолының 11 шақырымына асфальт төсеп бітуге таядық. Сәуір айында басталған жұмыс белгілеген уақытта толығымен бітеді десек, мұнда екі қабатты, жалпы қалыңдығы 10 см. жабынды жүргізілді. Жолдың сапасына 2 жыл кепілдік береміз. Қандайда бір кемшілік кеткен, уақытынан бұрын тозған жағдайда келіп жөндейміз, – дейді «АБЗ карьер» мердігер компаниясының өкілі Ерлан Мұсаев.
Жалпы 864 миллион теңгеге төселген жолдың сапасы сын көтерерлік. Бұл тұрғыда лебізін білдірген ауыл ақсақалы, тыл ардагері, Қаратал ауданының Құрметті азаматы Ораз Шеттібайұлы:
– Сонау 1974 жылы Жылыбұлақ ауылынан осы елді мекенге көшіп келдім. Содан бері көшенің жағдайын жырлап келгенбіз. Бүгінде ел атынан облыс басшылығына, Президентке алғыс айтқым келеді. Ауылды жерге айрықша көңіл бөлінуде. Алты көшелі ауылымыздың төрт көшесі жаңғыртылып, асфальт жабындылары төселді. Мектеп салынып ел игілігіне берілсе, медициналық бекеттің бітуіне де аз қалды. Жолдың сапалы жасалуы, ауылдық нысандардың жаңғыртылуы елдің еңсесін тіктейтін дүние ғой, – дейді ағынан жарылып. Ал 62 жылдан бері Ортатөбе ауылында тұрып келе жатқан Тамара Чкерина соңғы 3 жылдан бері ауыл ерекше жаңғырып, жасанғанын, облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесуінде берген уәдесін орындап, жолды жасап бергеніне айрықша риза екенін жеткізді. 40 жылдан бері үздіге күткен жаңа мектепте өрендердің білім алып жатқанын, сол секілді сан жылды сарғайта күткен жолдың да жарқырап, тақтайдай күйге жеткеніне ауыл халқы шат екенін тілге тиек етті.
Расымен де бүгінде ауылды жерлер жасанып, жаңа кейіпке еніп келеді. Әлеуметтік, мемлекеттік нысандардан бөлек облыстық, ауданаралық маңызы бар жолдар жөнделіп, тозығы жеткен көпірлер қайта жаңғыртылуда. Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл облыстық маңызы бар автожол саласына 24,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, 193,4 шақырым жол жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда, аталған қаражаттың 22,0 млрд. теңгесі игеріліп, 175 шақырымына асфальт жамылғысы төселген. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 29 жобаның 15-сі аяқталған. Жыл соңына қарай «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішті 94%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





