Ғылым мен ғалым – қоғамның қос қанаты. Олар қилы, қиын жолдан өтіп, қазір адамзат өркениетінің шешуші даму күшіне айналды. Ғалым жаңа бұлақтың көзін ашып, жас буынның ынта-жігерін өрбітіп, ғылымға дара жол салуына ықпал етеді. Ғылым – шын ғалымның досы, сырласы, сүйеніші, керек десеңіз, күндіз-түні мойнына артылған ауыр жүгі. Ол күндіз тағып, түнде шешіп тастайтын сұлудың алқасы емес, ғалымның ойы мен санасына сіңіп кеткен ауыр жүк. Осынау ауыр жолда тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарға арнап біз газетімізде тұрақты түрде ғылымға көш бастап, сара жол салған ғалымдар жетістігі мен жолы жайлы «ҒЫЛЫМ мен ҒАЛЫМ» айдарында қалам тербейтін боламыз.
Жаңа айдарымыздың алғашқы кейіпкері – Биотехнология және экология институты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің PhD докторы, молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі Қанат Ермекбаев. Ол өз ғылыми тобымен бірлесіп Қазақстандағы бидай селекциясы мен өндірісінің тұрақты дамуына зор үлес қосуда. Толық геномдық сканерлеу, автоматтандырылған фенотиптеу және қарқынды іріктеу әдістерін қолдану арқылы Орталық Азия бидайының құндылығын арттыру жолында жемісті еңбек етуде.
– Қанат Абайұлы, ғылым жолында тынымсыз тер төгіп, ел дамуына өз үлесіңізді қосып жүрген ғалымсыз. ҚР ғылым және жоғары білім министірлігінің арнайы грантын иеленіп, Орта Азия бойынша алғашқылардың бірі болып университет базасында құрылған «Speed Breeding» платформасын кеңейтуге үлес қостыңыз. Осы жаңалығыңызды кеңінен түсіндіріп беріңізші.
– Қазақстан үшін бидай ұны ұлттық асхананың негізі ғана емес, ел экономикасы үшін маңызды табыс көзі екені анық. Осыған байланысты Қазақстанды қоса алғанда, әлемдік бидай өндіруші елдер бидай селекциясы мен өндірісінің тұрақты дамуына берік бейілділікті сақтауы тиіс. Геосаяси тұрақсыздықпен қатар, климаттың жылдам өзгеруі бүкіл әлем бойынша бидай селекциясы мен өндірісінің тұрақтылығына төнетін аса маңызды қатерлердің бірі болып отыр. Мұндай жағдайда өнімділік әлеуеті жоғары және сапалық көрсеткіштері жақсартылған бидай сорттарын барынша қысқа мерзімде шығару қажеттілігі туындайды. Сондықтан біз аталған міндеттерді шешудің, әсіресе жаңа сорттарды жедел әзірлеу тұрғысынан алғанда, ең тиімді жолдарының бірі – өсімдік селекциясына геномдық селекция және жеделдетілген селекция сынды заманауи технологиялық жетістіктерді енгізуге бет бұрдық. Біз ертеңді бүгінгі күннен ойламасақ қазақтың қамбасы жыл сайын астыққа толып тұрады деп нық сеніммен айта алмаймыз. Сол үшін де Орталық Азия жағдайына жақсы бейімделген, жоғары өнімді, сапалы әрі климаттық өзгерістерге төзімді жаңа бидай сорттарын әзірлеу арқылы отандық селекционерлердің ғылыми және практикалық әлеуетін арттыруға бет бұрдық. Белгілі бір ортаға бейімді сұрыпты шығару үшін 14-12 жыл кетеді. Бұл деген ұзақ уақыт. Өте көп ресурсты талап етеді. Ал мен зерттеп жатқан терең генетикалық талдау аталған мерзімді 6 есеге дейін қысқартады.
– Бұл мәселе неге күні бүгінге дейін шешілмей келді? Себебі неде?
– Қазақстандағы бидай селекциясы тәжірибесінде бұл технологиялар өте шектеулі деңгейде ғана қолданылады. Мұның негізгі тежеуші факторлары – жоғары білікті мамандардың тапшылығы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және аграрлық секторға салынатын инвестициялардың жүйесіз сипаты. Орталық Азия аймағында кеңінен өсірілетін, өнімділігі, бейімделгіштігі және климаттық күйзелістерге төзімділігімен ерекшеленетін әртүрлі бидай сортының жиынтығы жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға ұзақ уақыт бойы бейімделу нәтижесінде қалыптасқан және аймақтың генетикалық әртүрлілігін кеңінен қамтиды. Генетиктер, селекционерлер, фермерлер және мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың әлсіздігі де түйткілді мәселенің шешілмеуіне ықпал етті. Аталған шектеулердің жиынтығы Қазақстанның селекциялық жүйесін дәстүрлі тәсілдерден геномдық және феномдық бағытталған іріктеуге көшіру үдерісін едәуір баяулатып отыр.
– Сіздің зерттеу бойынша 1 жылда 6 рет өнім алып, еліміздегі дәнді дақылдардың селекциясын айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік береді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Ауыл шаруашылығы дақылдарының жақсартылған сорттарын шығару мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға бағытталған жаңа геномдық тәсілдер мен жеделдетілген селекция технологиялары осы гранттық жобаның Қазақстандағы селекциялық жүйелердің тиімділігін арттырып, оларды жаңғыртуға нақты қабілетті екенін айқын көрсетеді. Бұл өз кезегінде өсімдік шаруашылығы саласында қысқамерзімді кезеңде оң экономикалық және технологиялық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы әдісті қолдану арқылы зерттеушілер өнімділік деңгейіне, қоршаған орта факторларына бейімделуге, құрғақшылыққа, аурулар мен басқа да стресс факторларына төзімділікке жауап беретін бірегей гендер мен генетикалық аймақтарды анықтай алады. Сонымен қатар алынған деректер бидай сорттарының эволюциялық даму жолын, олардың жергілікті жағдайларға қалай бейімделгенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде селекция үшін аса құнды генетикалық белгілерді дәл анықтап, оларды жаңа, жоғары өнімді және төзімді сорттарды шығару барысында мақсатты түрде пайдалануға жол ашады. Нәтижесінде зерттеу барысында жинақталған геномдық ақпарат Орталық Азия бидайының генетикалық ресурстарын неғұрлым тиімді, ғылыми негізделген және жауапты түрде қолдануға мүмкіндік береді. Зерттеу тобы тарапынан Орталық Азия аумағында алғаш рет ірі ауқымды жеделдетілген селекция (Speed Breeding) платформасы құрылды. Жеделдетілген селекция – өсімдік селекциялық циклін едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін озық технологиялардың бірі. Жарық режимін, температураны, ылғалдылықты және басқа да қоршаған орта факторларын қатаң бақылау арқылы Жетісу университетінің ғалымдары өсімдіктердің өсуі мен дамуын айтарлықтай жеделдетіп, дәстүрлі селекция әдістеріне тән жылына 1-2 ұрпақтың орнына жылына 5-6 ұрпаққа дейін алуға қол жеткізіп отыр. Аталған зертхана заманауи фитотрондық камералармен, автоматтандырылған жарықтандыру және климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған, бұл өсімдіктердің әртүрлі даму кезеңдерін дәл модельдеуге мүмкіндік береді. Мұндай инфрақұрылым бидайдың ерте гүлденуін, тұқым беруін және ұрпақ алмасуын басқаруға, сондай-ақ, әртүрлі стресс факторының (құрғақшылық, жоғары температура, қысқа күн ұзақтығы) әсерін жедел режимде зерттеуге жағдай жасайды. Қарапайым тілмен айтқанда, жеделдетілген селекция табиғатта ұзақ уақыт алатын үдерістерді қауіпсіз әрі қатаң бақыланатын жағдайда жылдамдатуға мүмкіндік береді.
– Аталған зерттеу отандық және халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс жүргізе ме?
– Елімізде жоба аясында жергілікті селекциялық стансылармен және жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарымен, атап айтқанда, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтымен және басқа да мекемелермен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Халық- аралық деңгейде зертхана Түркия, Пәкістан, Ұлыбритания және Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл серіктестіктер аясында геномдық деректерді талдау, жеделдетілген селекция хаттамаларын бейімдеу, сондай-ақ, бидай селекциясындағы үздік халық- аралық тәжірибелерді Қазақстан жағдайына енгізу жүзеге асырылуда.
– Ғылыми атақты қорғау үлкен еңбек. Бұл жүкті қалай көтеріп шықтыңыз?
– Иә, Қазақстан ғылымы жүйелі шешімді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі. Алайда мен докторантураны «Болашақ» бағдарламасы арқылы Англияда оқыдым. Ол жақтың жүйесі ерекше. Докторантта ғылыми жетекшіден бөлек, оны қолдайтын топ болады. Солар жан-жақты қолдау көрсетеді. Бірақ бұл сенің жұмысыңды солар жасап береді деген сөз емес. Тек тоқсандық және жылдық есептерде бағыт-бағдар көрсетеді. Егер үлгерім нашар болса, есеп қабылданбайды. Қайта тапсыруды талап етеді. Осылайша, олар студенттің «сәтті бітіру» әлеуетін бақылап отырады. Егер жылдық есептен өтпесең, бір саты төмен түсіп магистратураны қайта оқыту туралы шешім қабылданады. Менің жағдайымда, Құдайға шүкір, ондай болмады. Барлығын уақытылы атқарып, жақсы қорғап шықтым.
– Қазір ғылымға ақшасына, қиындығына қарамай, жанкештілікпен ұмтылатын жастар бар ма? Жалпы, жас ғалымдарға мемлекет тарапынан жағдай жасалған ба?
– Әрине бар, алайда ауыз толтырып айтуға әлі ерте. Біз қоғам болып, ғылымның пайдасын әлі де түсінбей келеміз. Бірақ, салыстырмалы түрде бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Меніңше, жайлап жүретін эволюция сияқты. Жастарды ғылымға қызықтыратын бірінші ғылым емес, ол – материалдық жағдай. Соның дәмін тапқан жас маман, ары қарай ғылымға да қызығушылығы артады. Ғылым деген бірден қызығып кететін мамандық емес қой. Ой-қыры көп, уақыт өте келе өзіне тартатын саланың бірі. Бірінші еңбек, сосын ақырын түсіне бастағанда сәйкесінше қызығушылық та артады. Жас ғалымдарға жасалған жағдайға келсек, әрине, қазір мемлекет тарапынан ғылыми гранттардың бөлінуімен жас мамандардың материалдық жағдайын жасап тастамасақ та барынша қолдауға мүмкіндік туды. Ең негізгі мәселе – тұрғын үй. Бұл жағдайды негізі жергілікті атқарушы орган деңгейінде де шешуге болады деп ойдаймын.
– Уақыт бөліп,
әңгімелескеніңізге рахмет.
Еңлік КЕНЕБАЙ





