Қай дәуірде болсын, қоғамның қозғаушы күші білім мен ғылым. Ал сол білімнің бастауында, ел ертеңінің шамшырағы ұстаз тұратыны даусыз. Ол өз ісінің шебері ғана емес, адам жанының сәулетшісі. «Ұстаз – таусылмас қазына, сарқылмас бұлақ» деген халық даналығы осының дәлелі. Асыл қасиеттің барлығын бойына сіңірген, өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған абзал жанның бірі – Жетісу ауылындағы жоғары санатты педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Зайтбекова.
Кейіпкеріміз ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдаған жан. Ол 1990 жылы І. Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тамамдаған соң, туған жері Ескелді ауданындағы Жетісу ауылына оралып, еңбек жолын қарапайым тәрбиеші болып бастайды. «Балдырған» балабақшасында 2 жыл еңбек етіп, балғын бөбектердің жүрегіне мейірім мен жылылық дарытты. Бұл жылдар оның адам тәрбиелеу ісіне деген сүйіспеншілігін арттырып, нағыз ұстаздық жолға бағыт берген кезең еді.
Раушан Исабайқызы 1993 жылдан бастап Жетісу орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке кіреді. Міне, содан бері табаны күректей 35 жыл туған мектебінде үздіксіз еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегіне білімнің шуағын төкті.
– Мұғалім болу менің бала кездегі асқақ арманым еді, – деген адал еңбек иесі сөзін арықарай жалғастырып:
– Сол арманым орындалып, өз туған ауылымда еңбек етіп жүргенім – үлкен бақыт! Қазақ тілі мен әдебиетін үйрету арқылы шәкірттеріме тек білім ғана беріп қоймай, ұлттық рух, мәдениет пен салт-дәстүрдің қадірін де сіңіруге тырыстым, – дейді.
Шынында да Раушан Зайтбекова тек пән мұғалімі ғана емес, рухани тәрбиеші. Ол әр сабағын өмірмен байланыстырып, әдебиеттің көркемдік әлемін шәкірт жүрегіне ұялата біледі. Оқушыларын ойлануға, ізденуге, сөз өнерінің құдіретін сезінуге баулыды. Оның шәкірттері бүгінде түрлі салада еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуде. Кейбірі өз ұстазының жолын қуып, педагогика саласында тер төгуде. Бұл – ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі екені айқын.
Әріптестер бағасы – ұстаз абыройының айғағы. Білікті маманға қызметтестері адамдық болмысы мен кәсіби шеберлігіне жоғары баға береді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Әбдікәрімова былай дейді:
– Раушан Исабайқызы ерекше еңбекқор, жаңашылдыққа жаны бейім, шығармашылықпен жұмыс істейтін педагог. Ол өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, жас мамандарға тәлімгерлік жасап отырады. Сабақ беру ісінде дәстүр мен инновацияны ұштастырып, білім сапасын арттыруға зор үлес қосып келеді.
Раушан Исабайқызының көп жылғы еңбегі мен мамандыққа адалдығы елеусіз қалған жоқ. Ол облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі семинар мен педагогикалық байқауға тұрақты қатысып, өз әдістемелік тәжірибесін насихаттап жүр. Білім беру саласына қосқан елеулі үлесіне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған мұғалімнің 35 жыл ішінде бағындырған белесі өте көп. Шәкірт жетістігі ұстаз еңбегінің айнасы десек, оның тәрбиесін көрген оқушылар түрлі олимпиада мен ғылыми жобада жүлделі орындар алып жүр.
Раушан Зайтбекова:
– Мен үшін ұстаздық жай мамандық емес, өмірлік миссия. Бұл мамандықты таңдаған жанның осал болуға құқы жоқ. Бастысы, алдында отырған қаракөздердің шамшырағын жаға білу керек, – деген асыл ой айтады.
Мәңгілік мамандық иесінің бұл толғанысы ырықсыз бас шұлғытатыны рас. Еңбегі ерен жанға мерекелі зейнет тілейміз.
Медет ЖҰМАБАЙ,
Ескелді ауданы





