Қазақ қоғамында соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі – ұлттық мектептің тағдыры. «Қазақ мектебі қайда барады?» деген сауалдың уақыт өткен сайын ушығып, арнайы талқылауды қажет етуі бекер емес. Облыстық «Jetisý» газетінің №125 санында жарық көрген тілші Санжар Сұлтанғазының «Қазақ мектебі қайда барады?!» атты мақаласы осы күрделі түйіннің төңірегінде өрбиді. Автор көтерген ойлар – қоғамның тамырын басқан шынайы жайт.
Соңғы бірнеше жылда ақпарат кеңістігінде орыс тіліндегі білім ошақтарының көбеюі жайлы әңгімелер жиілеп кетті. Статистикалық дерекке сүйенсек, елімізде 2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа барған оқушылардың 67 пайыздан астамы қазақ мектебін таңдаған. Бұл қазақ тіліндегі білім берудің сұранысы артып келе жатқанын көрсететін қуанышты көрсеткіш. Алайда солай бола тұра кейбір ата-аналардың «орыс мектебінің деңгейі жоғары» деген ескі түсінікке жүгінуі әлі де жойыла қойған жоқ.
Бұл көзқарастың тамыры тереңде жатыр. Кеңес заманынан қалған «орыстілді мектеп сапалы» деген жаңсақ пікір санаға әбден сіңген. Бірақ сол себепті мемлекеттік тілдің өз үйімізде шетқақпай көруі – біле тұра өз болашағымызға балта шабумен тең. Өйткені бала қай ортада өссе сол тіл оның ойлау жүйесін, дүниетанымын, ұлттық болмысын қалыптастырады. Тілі мен рухы қатар өспеген ұрпақтың қай кезде, қандай дауылда қайда бет алатынын болжау қиын.
Қазақ мектебінің сапасы өңірден өңірге әрқилы болуы мүмкін. Бұл, әрине, жасырын емес. Бірақ кемшілік бар екен деп тұтас мектептің беделін түсіру әділетсіздік. Керісінше, ол білім ордаларының деңгейін көтеру – ең басты міндет. Орыс мектебіне алаңдаудан бұрын қазақ мектебін заман талабына сай дамыту ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт.
Мәселенің екінші қыры – тілдің тұрмыстық қолданыстан алыстауы. Егер қазақ тілін тек сабақтың тілі ретінде қалдырсақ, ол бірте-бірте табиғи ортадан ажырайды. Сондықтан қазақ мектебінің мықты болуы – тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін негізгі тетік.
Мақалада қозғалған ойдың түп төркіні де осы: қазақ тілінің болашағы біздің санамызда. Егер ұлттық мектепке өзіміз сенбесек, оның қадірін өзіміз арттырмасақ, өзгеден кінә іздеудің еш мәні жоқ. Бүгінгі таңда мемлекеттің алдында тұрған үлкен міндет – қазақ мектебін мазмұндық жағынан да, материалдық жағынан да жаңа деңгейге көтеру. Мұғалім даярлау жүйесін жетілдіру, оқулық сапасын арттыру, сандық технологияны енгізу – осы бағыттың негізгі үш тірегі. Қазақ тілінде сапалы білім берілсе, ата-ананың басқа тілдегі мектепке ұмтылуы да азаяды.
Қазақ мектебін қолдау – тек оқу-ағарту саласының шаруасынан бөлек, елдік мәселе. Мәдениеттің де, ұлттық сананың да тірегі – осы мектеп. Орыс тіліндегі білім ошақтарының көбеюінің алдын алу үшін ең алдымен өз мектебіміздің мәртебесін көтеруге күш салу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жанна СЫРЫМБЕТОВА,
Талдықорған қалалық білім бөлімінің әдіскері





