Жетісу облысында Балқаш жағалауына инженерлік жүйелерді тарту жұмыстары басталды. Қазіргі кезде Балқаш жағалауында бір маусымда шамамен 50 мыңнан астам адам демалса, туристік-рекреациялық аймақты дамыту жоспары жүзеге асырылып, жағалау инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгеннен кейін демалушылар саны 450 мың адамнан асады, ал жақын елді мекен тұрғындары үшін екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
«Сапа Құрылыс 2007» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобада қарастырылған бағытыттың бірі – жағалауды ауыз сумен қамту. Бұл ретте су Лепсі өзенінен тартылады. Бүгінгі күнге жалпы тартылуы тиіс 31,8 шақырымның 24,8 шақырымына су құбыры жүргізілді. Оған қоса 2-ші көтергіштің су сорғысы бар су тазарту станциясының құрылысы басталды, бұл станцияның тәуліктік қуаты 500 м3 болады. Сонымен бірге 4 резервуар салу жұмыстары жүріп жатыр, олардың екеуінің жеке қуаты 300 м3, тағы екеуінің жеке қуаты 150 м.3 болмақ.
Кәріз жүйесінің де құрылысы басталды, барлығы 16 шақырымға тартылуы тиіс кәріз жүйесінің 8 шақырымына траншея қазылып, оның 2 шақырымына құбыр төселді. Сонымен бірге кәріз суларын тазартатын, қуаты тәулігіне 470 текше метр болатын 2 станция салынады.
Жобада электр желісін жүргізу жұмыстары да қарастырылған. «17 шақырымдық электр тарату магистралды желісінің бойына 164 бағана орнатылды, қажетті кабельдер мен жиынтықтар дайындалды. Оған қоса қуаты 6,3 МВт болатын 35/10 Қосалқы станция салу жоспарланған. Қазір қосалқы станцияны іске қосуға керекті құрал-жабдықтар сатып алынып, Шымкент зауытынан жеткізілуде. Сөйтіп электр таратудың магистралды желісін орнату мен негізгі қосалқы станцияның құрылысын қыркүйектің соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұдан соң 28 транформаторлық подстанция жиынтығы орнатылады, соның 25-і тұтынушылардың қажеттілігі үшін жағалауға қойылады», — деді мердігер компания басшысының орынбасары Имаммахмұт Шағырбаев.
Еске салсақ, Балқашқа апаратын «Молалы-Лепсі-Ақтоғай» учаскесіндегі 105 шақырым жолдың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары толығымен келесі туристік мерзім басталғанға дейін аяқталып, қолданысқа беріледі.