Лепсі ауылында жаңа қысқы туристік бағыт ашылды. Осыған орай туризм басқармасы және «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Balkhash Winter Fishing» атты баспасөз туры өтті.
Шара барысында елімізден және шетелден келген БАҚ өкілдері мен блогерлерге Балқаш көлінің туристік әлеуеті таныстырылды. Туристік бағыттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев облыста туризм саласын дамыту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.
Өз кезегінде сөз алған Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев:
– Туристік әлеуеті жоғары Балқаш көлінің жағалауын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы 2 жылда Балқаш көліне жол салынып, су және кәріз жүйесі орнатылды. Биыл меймандар тегін демалатын жаңа коммуналдық жағажайлар салынады. Сонымен қатар, туристерді қызықтыру мақсатында қысқы балық аулауды да дамытып жатырмыз, – деді.
Осыдан кейін балығы тайдай тулаған Балқаш көліне жиналғандар арасында балық аулау жарысы өтті. Сайыс алдында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы мамандар қатысушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескертті. Мұз ойып, жарысқа кіріскендердің қармағы қауып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Сайыс шартына сәйкес қатысушылардың аулаған балықтары өлшеніп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломмен марапатталды.
Айдар ҚАЛИЕВ
Сарқан ауданы





