Қазақстан жастарының саны 5 млн 817 мың адамға жетіп, ел халқының үштен бірін құрап отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде елімізде белсенді жастардың бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығы дәстүрлі түрде беріліп келеді. Мәселен, биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 30 жеңімпазы өз жобаларын бастау үшін 3 млн теңгеден қайтарымсыз қаражат алды. Олардың қатарында Даун синдромы бар балаларға арналған инклюзивті театр мен алғашқы этно-мюзикл сияқты әлеуметтік маңызы жоғары бастамалар бар.
Тұрғын үй мәселесі де жүйелі шешімін тауып жатыр. «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламаларының игілігін 5,7 мыңнан астам жас маман көріп, өз баспанасына ие болды. Соңғы үш жылда мемлекеттік қолдаудың арқасында жас кәсіпкерлер қатары 12,1%-ға артып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ға дейін төмендеді.
Цифрлық дәуірде жастардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. «MERGEN» жүйесінің көмегімен 5 мыңнан астам есірткі дүкені бұғатталып, жарнама сайттарындағы 120 мыңнан астам күмәнді хабарландыру тексерілді. Ал денсаулық сақтау бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейі 43%-ға, ал аборттар саны 30%-ға азайған.
Отбасы институтын нығайту үшін еліміздегі Отбасын қолдау орталықтарының саны 33-тен 131-ге дейін арты. Бұл орталықтар тек кеңес беріп қана қоймай, қиын жағдайға тап болған 45 мыңнан астам азаматқа құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Айта кетерлігі, «Бақытты отбасы» жобасының арқасында ажырасу алдында тұрған жұптардың 37,5%-ы татуласып, некесін сақтап қалған.
Егер сіз де мемлекеттік бағдарламалар немесе гранттар туралы толық ақпарат алғыңыз келсе, өңіріңіздегі Жастар ресурстық орталықтарына хабарласуыңызға болады.





