Киелі Күреңбел өңірінің орталығы Сарыөзек ауылында біраз жылдан бері пәтер кезегін күтіп жүрген жандар асыққан армандарымен қауышып, ақыры баспана бақытына бөленер сәтті бастарынан кешті. Көңілі көкжиекпен астасқандай қуанышқа бөленген кербұлақтық 60 отбасы баспана кілтін қолына алды.
Пәтер кілтін тапсыру салтанатында аудан әкімі Қанат Есболатов жаңа қоныстанушыларды осы маңызды оқиғамен құттықтап, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз тұрғындарымыздың өмір сүру жағдайын жақсарту жолында тағы бір қадам жасап жатырмыз. Бұл – көптеген адамның бірлескен жұмысының нәтижесі. Өз басым жаңа қоныстанушылардың бақытты жүзін көргеніме қуаныштымын. Тұрғын үй – отбасы тұрақтылығының негізі. Бұл орайда біз кезек күткен талай жанды осылай қуантып, жаңа баспананың иесі болу үшін тер төгетін боламыз, – деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.
Өңір әкімі өз кезегінде 60 пәтерлі үйдің кілтін иелеріне тапсырып, құрылысқа жауапты мамандарға және жоба авторларына жұмысы үшін алғыс айтты.
Көпшілікті қуантқан жаңа баспананың жалпы ауданы 3401,7 м2 десек, мұнда үш бөлмелі 30, екі бөлмелі 15 және бір бөлмелі 15 пәтер қарастырылған. Үйдің құрылысына «SEM-Shogy Construction Service» ЖШС жауапты болса, инженерлік коммуникация желілерін «УниверсалСтройСервис»ЖШС тартқанын да айта кеткен жөн.
Өз кезегінде жаңа баспана бақытына бөленген бес баланың анасы Татьяна Кузина:
– Мен арманымның орындалғанына, көптен күткен күнімнің дәп бүгін болғанына сенбей тұрмын. Балаларыммен осы сәтті қанша аңсадық, қанша армандадық десеңізші. Ұзақ күткеніміз жасырын емес. Енді біздің өз үйіміз бар. Үй кең және өте ыңғайлы. Қазірдің өзінде қосылған газ, су және электр қуаты – бұл біздің отбасымыз үшін үлкен жеңілдік. Бұл орайда аңсаған арманымызға жеткерген жандарға айрықша алғыс айтқым келеді, – деп риясыз пейілін білдірді.
Айта кетерлігі, берілген бұл көп қабатты тұрғын үй аудандағы 15 елді мекені бойынша 100 тұрғын үйді «Мемлекеттік сатып алу» жобасы негізінде рәсімдеудің бір бөлігі саналады. Бүгінге дейін бұл тізім бойынша 17 үй иесін тапса, мұның 50-і қыркүйекте, қалған 33-інің құрылысы қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.
Жалпы алғанда биыл облыс бойынша құрылыс саласында 349,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, 8 айда 150,2 мың шаршы метр немесе 43% тұрғын үй пайдалануға берілген. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 866 пәтер сатып алуға 13,4 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынуда. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 4117 үй беріліп, тұрғын үй кезегі 14 пайызға төмендейді.
АРДА БИ