Биыл Американың Сан-Франциско қаласында дүниежүзінің жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында ақпараттық технология бағдарламаларын дайындау бойынша байқау өтті. Үш күнге созылған осы байқаудың қорытындысы бойынша Сан-Франциско қаласының Паситис университетінің түлегі жерлесіміз Бекжан Әбдіманапов бастаған команда I орынды жеңіп алды.
Әрине, қазіргідей ақпараттық технология дамыған заманда көптеген алдыңғы қатарлы шетелдің оқу орындарының студенттері 300-ден астам жобамен қатысқандықтан бұл байқауда жеңіске жету оңай болмағаны анық. Жетісудың тумасы Бекжан 14 жасында Англияның озық мектебіне оқуға қабылданып, ойдағыдай бітіріп шықты. Өзінің талабымен Сан-Францискодағы Паситис университетінің информатика-бағдарламашы бөліміне оқуға қабылданған. Ол 150 жылдық тарихы бар университетті ойдағыдай аяқтап, әлемді тәжтажал жаулаған уақытта туған еліне келіп, «Халық банкінде» қызмет атқарды.
Одан кейін білімін жетілдіру мақсатымен Сан-Францисконың Паситис университетінің магистратурасына оқуға түскен. Биыл осы оқу орнын үздік бітіріп, магистрлік дәрежеге ие болды. Қазіргі кезде жаңа бағдарлама жобаларын дайындап, іске асыру барысында жұмыс істеуде. Бүкіл жер шарының 100-ден астам елінен келген студенттердің арасында ақпараттық технология бағдарламасын дайындауды жетік меңгерген маман болып саналады.
– Қазақстан жастары үшін АҚШ-та білім алу ғаламдық биік дәреже екені анық. Біз біліммен шыңдалдық. Өзіміз таңдаған мамандығымызды жетік меңгердік. Заманауи білім базасын жетілдіру барысында шығармашылық жобалар дайындаумен айналысып, туған еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесімізді қосамыз, – дейді Бекжан Бейбітұлы.
Осылайша қазақтың қаршадай баласы Бекжан Әбдіманапов АҚШ-тың ақпараттық технология бағдарламасын дайындауды жете меңгеріп, білім асуын бағындыруда.
Н. Дәнғазина
Талдықорған қаласы





