Қазақстанда 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі ресми түрде хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, биыл жоғары оқу орындарына түсуді көздеген 113 мыңға жуық талапкер мемлекеттік грант конкурсына өтініш білдірген. Республикалық комиссия олардың ҰБТ нәтижесі мен таңдаған білім беру бағдарламаларына сәйкес іріктеу жүргізіп, грант бөлу процесін аяқтады.
Грант иегерлерінің тізімі министрліктің ресми сайтында (www.gov.kz), сондай-ақ egov.kz және testcenter.kz порталдарында жарияланады.
Талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау рәсімі 2025 жылғы 25 тамызға дейін жүргізіледі. Қабылданған студенттер ЖОО-ға тиісті құжаттарын тапсырып, оқуға ресми тіркелуі қажет.
«Жетісу-Ақпарат»





