Қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздеген «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы елімізде 2007 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Бұл бастама – ұлттық руханиятты жаңғыртудың, жас буынның бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті ұялатудың жарқын жолы.
Биыл Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасында аталмыш акция аясында бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Биылғы таңдауға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – ақын Жұмекен Нәжмеденов пен жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармалары ілікті.
Жыл басынан бері кітапхана қызметкерлері жас оқырмандардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, көркем туындылар арқылы олардың рухани дүниесін байыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ақын мен жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы деректер ұсынылып, оқырмандар арасында әдеби талқылаулар мен пікір алмасулар ұйымдастырылды.
Балалар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жазушының прозалық туындыларынан үзінділерді мәнерлеп жеткізді. Әңгіме барысында жас оқырмандар ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтар жайында ой бөлісіп, шығармалар мазмұнын терең талдауға тырысты.
Кітапхана қабырғасында түрлі тақырыптық көрмелер, шығармашылық тапсырмалар, мәнерлеп оқу мен пікірталас сағаттары өткізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде де белсенділік танытылып, оқырмандар онлайн форматта ұйымдастырылған әдеби байқаулар мен викториналарға қатысты.
Жыл көлемінде атқарылған бұл шаралар балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын дамытуға зор ықпал етті. Ең бастысы – жас буынның бойына ұлттық рух пен адамгершілік қасиеттерді сіңіруге жол ашты.
Кітапхана ұжымы алдағы уақытта да жас оқырмандардың рухани дамуына бағытталған игі бастамаларды жалғастыра беруді мақсат етеді.
Құралай БАРИМБЕКОВА,
Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасының кітапханашысы





