Қазақ қоғамында сатира шындықтың жүзіне күле қарап, ой салудың, қоғамның мінін түзеудің тәсілі болған. Бір кездері әзіл арқылы ақиқатты айтып, халықты ойландырған тұлғалар ел есінде. Ал бүгінгі күннің сатирасы қандай? Кейінгі кездері ел ішінде «стендап» деген жаңа ұғым белең алды. Бастапқыда бұл қоғамдағы құбылыстарды әзіл түрінде жеткізудің, адамды ойланта отырып күлдірудің мәдени тәсілі еді. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі стендап сол ұлт рухын көтеретін, ой салатын өнердің орнын баса алмай тұр.
Бүгінгі «стендаперлердің» көбі ел алдына шығып, бейәдеп сөздерді ұялмақ түгілі қызармай айтып, қазақы қалжыңның қадірін кетіруде. Әзілдің мәні мен астары ұмытылып, күлкі көрерменнің деңгейіне емес, жеңіл желпі әсерге құрылған. Бұл ұлт мәдениетінің, әсіресе, сөз мәдениетінің жұтаңдануының бір көрінісі.
Бұрын ақсақалдар жастардың көзінше дөрекі сөйлемей, ұтымды уәжбен, астарлы әзілмен ойын жеткізетін. Ал қалжың тәрбиенің, тектіліктің бір бөлшегі еді. Ал қазір ше? Сахнадан да, әлеуметтік желіден де арсыз күлкі мен бейпіл сөзге толы қойылымдар көбейді. Тіпті, оны заманауи жастардың талабы мен сұранысы деп ақтап алуға тырысатындар бар. Есті дүние ешкімге керек болмай есікте қалып, ерсі қылықпен ессіздер етегін ашып келеді.
Қазақтың мәдени коды мен рухани тазалығы сөздің қадірінде. Сөз азса, сана да азады. Ал қазір ұлт мәдениеті желіде жүрген мағынасыз подкаст пен арсыз контенттің астында қалып барады. Бір ұлт жанашыры қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп, нақты шешім ұсынса, жұрт оған он минут та көңіл бөлмейді. Ал мәнсіз әңгіме айтып, күлдіріп отырған бір стендапердің сағаттап қойылатын қойылымын әлеуметтік желіде миллиондаған адам тамашалайды. Осыдан-ақ біз неге көбірек назар аударып жүргенімізді аңғаруға болады.
Бүгінде жастардың басым бөлігі смартфонды серік етіп, әлеуметтік желіден рухани азық емес, уақыт өлтірер дүниелер іздейді. Күн сайын көз алдына түсіп жатқан бейәдеп бейнелер мен бос күлкі олардың талғамын төмендетіп, танымын шектеп барады. Ал талғам төмендеген жерде өнердің де, мәдениеттің де құны кемиді.
Шын мәнінде, кез келген қоғам не нәрсеге көбірек көңіл бөлсе – сол дамиды. Біз ғылым мен білімге емес, бос ермек пен арзан күлкіге басымдық беріп алдық. Соның салдарынан сапалы өнер мен ойлы контент азайып қалды. Мысалы, тіліміздің тағдыры, ұлттық бірегейлік жөнінде түсірілген подкасттар мен бағдарламалар мыңдаған емес, жүздеген ғана қаралым жинайды. Ал бейпіл сөзге құрылған бос дүниелер миллиондап көріледі. Бұл, әрине, ойланарлық жағдай!
Мәселенің бір ұшы – кино саласында да жатыр. Соңғы уақытта түсіріліп жатқан отандық фильмдердің ішінде іліп алары сирек. Көпшілігі мемлекеттік тілді шетке ысырып, ресми тілде түсіріліп жатыр. Ал ұлттық құндылықты, қазақы мінезді дәріптейтін туындылар аз.
Ендеше, не істеу керек?! Ең алдымен, ұлт ретінде рухани тазалықты сақтап қалу әрқайсымыздың борышымыз. Әзілді тәрбиенің құралы, ал қазақы тілді қасиетті аманат деп қарауымыз қажет. Егер күлкі ойландыра алмаса, демек ол даңғаза. Бүгінгі қоғамда ең қат дүние шынайы руханият. Сол руханиятты сақтау – ұлттың тіршілігімен тең.
Ұлт болған жерде зиялы қауым да бар, бірақ оларды тыңдайтын құлақ азайды. Ал тыңдайтын құлақ болса, айтар ақыл да, бағыт та табылады. Тек біз өз назарымызды ұсақ дүниеден ауқымды істерге бұрып, уақытты бос күлкіден гөрі, пайдалы істерге жұмсай білсек болғаны.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





