Жетісу жерінде алғаш рет облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Jetisu Digital» IT-хабының ұйымдастыруымен цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай «Digital Jetisu Forum» атты форум өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысты.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуға аймақтың 150-ден астам IT мамандарын әзірлеушілер, инженерлер, сарапшылар мен салалық көшбасшылар қатысты. Шараға келген қонақтар әуелі IT-компаниялардың, цифрландыру жөніндегі сарапшылардың цифрлық жобаларын ұсынатын «Jetisu IT Expo» көрмесін аралады.
Басқосуда Диас Есдәулетов:
– Облыста 289 мемлекеттік қызмет пен қосалқы қызметтің 277-сі автоматтандырылды. Оның ішінде мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін сатып алу процесі де бар. Аймағымыздағы 352 ауылдық елді мекеннің 335-і интернетпен қамтылған. Ал Талдықорғанда 5G желісінің 13 базалық стансысы орнатылған. 15 мыңнан астам бейнебақылау камералары полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 216 камера орнатылған. Барлық 337 мектеп интернетке қосылған. 69 мектепте «Бірегей оқушы картасы» жүйесі енгізілген, ол мектепке келу, тамақтану есебі және кітапханаларға қолжетімділік бақылауын қамтамасыз етеді. Талдықорғанда «Samsung Innovation Campus» бағдарламалау мектебі ашылып, «Jetisu Digital» IT-хаб базасында оқыту курстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1000-нан астам адам білім алды. Облыстың 16 медициналық мекемесінде PACS орталықтандырылған телерадиологиялық жүйесі енгізілген, ол ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы 615 мыңнан астам зерттеу жүргізілді, – дей келе цифровизация саласына үлес қосып жүрген жандарды марапаттады.
Осыдан кейін «Әлеуметтік әмиян – мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Онда «BTS Digital» компаниясы директорының орынбасары Тимур Шалекенов, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев «Әлеуметтік әмиян» жобасын кеңінен талқылап, әлеуметтің әлеуетін арттыратын жоба әлеуметтік төлем жасауды жеңілдететінін жеткізді. Басқосу барысында жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ көлік және қауіпсіздік сияқты маңызды бағыттар да қамтылды. Google Developer сарапшысы Энес Тұран, MSP Global техникалық директоры Руслан Жансеңгіров IT-индустриядағы жаһандық трендтер мен өзгерістер, бизнес-процестердің тиімділігін жақсартудағы жасанды интеллектінің рөлі, киберқауіпсіздік саласындағы соңғы шешімдер мен технологиялар жайлы баяндады.
Форум аясында «Jetisu Idea Battle» атты байқауы өтті. Онда қатысушылар инновациялық жобаларын таныстырды.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Tech Vision» командасының мүшелері Диана Хасимова мен Артур Голованов жеңіп, 250 мың теңгенің сертификатын алды. 2-орынды еншілеген «Greenlegend» командасының мүшелері Іңкәр Құрманбаева, Айым Бауыржанқызы мен Аяулым Алиева 150 мың теңгенің, тұғырдың үшінші сатысынан көрінген «Hammer» командасының мүшелері Ердос Еренталов пен Тимур Кимге 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков





