Анталиядағы Жамбыл Жабаев атындағы саябақта дәстүрлі музыкалық аспап – домбыра ескерткіші орнатылды.
Кепез муниципалитетінің ұйымдастыруымен өткен шараға Анталия губернаторы Хулуси Шахин, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Кепез қаласының мэрі Месут Кожагөз, Анталияда тұратын қазақстандықтар мен түрік ағайындар қатысты. Губернатор Шахин беташар сөзінде шара аясында Қазақстан халқымен қауышқанына қуанышты екенін айтты. Домбыраның Анадолыдағы бағлама, саз, кура және тамбур аспаптарының атасы екенін түсіндірген Шахин: «Түрік мәдениеті мыңдаған жылдар бойы кең территорияға таралып, құрлықтар арасындағы үлкен бауырластық көпірі болды», – деді.
Өкілетті елші Сәпиев аптап ыстыққа қарамастан бауырлас екі ел өкілдерінің саябақта бас қосқанына ризашылығын білдірді. Сәпиев: «Домбыра қазір қазақтың аспабы ғана емес, бүкіл түрік әлемінің символына айналады. Орнатылған мүсін енді балаларымыз бен ұрпақтарымызға бауырмалдықтың, ынтымақ пен бірліктің белгісі болады», – деді.
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ