2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 112 мектеп Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында іске қосылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Атқарылған ауқымды жұмыстар еліміздегі білім беру саласындағы бірнеше өзекті мәселені шешуге септігін тигізді. Жаңа мектептердің арқасында 27 үшауысымды және 11 апатты мектептің түйткілі тарқап, 160 мың оқушы орнының жетіспеушілігі жойылды. Әсіресе, «Келешек мектептері» жобасының аясында пайдалануға берілген нысандардың 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасуы – ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған маңызды қадам. Айта кетерлігі, жаңа нысандардың нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Қызылорда облыстарында үшауысымды оқыту мәселесі толығымен жойылды.
Инфрақұрылымды жақсарту тек жаңа құрылыспен шектелмейді. Өткен жылы 209 мектеп реновациядан өтіп, 1 мың ауыл мектебі заманауи стандарттарға сай жаңғыртылды. Ауыл оқушылары үшін 1196 жаңа пән кабинеті сатып алынды. Сондай-ақ, білім беру нысандарын қаржыландыруда түрлі көздер, соның ішінде жеке инвестициялар мен заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражат та тиімді пайдаланылуда. Мысалы, қайтарылған активтер есебінен Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа білім беру нысандары бой көтерді.
Мектептердің жаңа форматы оқушыларға сапалы білім алуға ғана емес, олардың шығармашылық және технологиялық әлеуетін ашуға да мүмкіндік береді. Жаңа ғимараттар заманауи зертханалармен, спорттық кешендермен және STEM-кабинеттерімен жабдықталған. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақмерзімді дамытудың және цифрлық сауатты ұрпақ тәрбиелеудің негізі болмақ.





