Қазақстанның білім беру жүйесіндегі педагогтердің басым бөлігін нәзік жандылар құрайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі мұғалімдердің 81,9 пайызы – әйелдер. Бүгінде білім беру саласының түрлі сатыларында барлығы 492 938 педагог-әйел еңбек етіп келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мамандардың басым бөлігі, атап айтқанда 342 352 әйел ұстаз орта білім беру ұйымдарында бала оқытады. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 101 789 маман бүлдіршіндерге тәрбие беріп жүрсе, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 29 117 әйел педагог еңбек етеді. Сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдарында 13 239, арнайы білім беру бағытында 4 059 және түзету-білім беру ұйымдарында 2 382 нәзік жанды маман жұмыс істейді.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері саладағы әйелдер үлесінің жоғары болуы білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен тәрбие үдерісінің сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Мемлекет тарапынан мұғалімдердің мәртебесін арттыру және оларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жүргізіліп жатқан реформалар ең алдымен осы қуатты педагогтар қауымына бағытталған.
Ұлт болашағын тәрбиелеуде ерен еңбек етіп жүрген нәзік жанды ұстаздардың үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл көрсеткіштер еліміздегі білім беру саласының адами капиталы негізінен білікті әйел мамандардан тұратынын айқын көрсетеді.




