Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде химия және биология пәндерінің жас мамандарына арналған облыстық семинарөтті. «Химия және биология пәндері бойынша жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру және оқыту сапасын арттыру» тақырыбындағы басқосу – жас ұстаздарға әдістемелік бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасаған маңызды алаң болды.
Жас педагогтердің кәсіби бейімделуіне қолдау көрсету және заманауи оқыту әдістерін тиімді қолдану арқылы білім сапасын көтеру бағытындағы басқосуда қатысушылар мазмұнды шеберлік сыныптарына қатысып, өзекті тәжірибелермен танысты. Атап айтқанда, Блум таксономиясы негізінде сараланған тапсырмалар құрастыру, қысқа мерзімді жоспарлау, жиынтық бағалаудың (БЖБ, ТЖБ) әдістемелік негіздері жан-жақты түсіндірілді.
Жаңашыл тәсілдер де назардан тыс қалмады. Ұстаздар зертханалық жұмыстарда 5E моделін қолдану, оқушының зерттеушілік дағдысын қалыптастыру және цифрлық дәуірдегі білім берудің ерекшеліктері туралы пайдалы мәліметтер алды. Практикалық бөлімде PHYWE Conductivity датчигі арқылы электролиттердің өткізгіштігін анықтау және ЭКГ құрылғысының көмегімен дене жаттығуларының жүрек қызметіне әсерін зерттеу жұмыстары көрсетілді.
Семинарда Талдықорған қаласы, Ескелді және Көксу аудандарының тәжірибелі педагогтері, облыстық мекемелер мен жекеменшік мектеп мұғалімдері, сондай-ақ Жетісу университетінің оқытушылары спикер ретінде сөз сөйледі. Іс-шара соңында қатысушылар университет зертханасына экскурсия жасап, өзара пікір алмасып, кері байланыс орнатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мазмұнды кездесулер жас мамандардың педагогикалық шеберлігін шыңдап, кәсіби сенімін нығайтуға үлкен серпін береді.
«Жетісу-Ақпарат»





