Өмірдің сын-сынағына ұшырап, арбаға таңылған азаматтар да қоғамның бір бөлшегі ретінде тірлік кешіп, қатари-хәлінің жеткенінше елге қызмет етіп жүр. Отаннан кейінгі қасиеті бөлек отбасы деген құндылықты әспеттеп, оның жылуын сақтау үшін таңмен таласа тірлік қамына кіріседі. Бала-шағасын асырауды адами борышы санайды. Ал мүгедектігі бар жандарды сол арманы мен жұмысына бастап жүрген «Инватакси» қызметі десек артық айтқандық емес.
«Инватакси» қызметінің автокөлігі Талдықорған қаласының «Болашақ» шағын ауданында орналасқан 3 бірдей үйдің ауласына тоқтап, Гүлнар Нұрғалиева, Жадыра Қасымова, Нұрбек Тұрғанов сынды мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетіп, жұмысына жеткізді. Алдымен аталған шағын аудандағы №24 үйге келіп, көлік жүргізушісі мүгедектер арбасына таңылған Гүлнар Нұрғалиеваға күлімсіреп амандасып, көлікке отыруын қамтамасыз етті. Нәзік жанды кейіпкеріміз Талдықорған қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі жұмыс орнына жету үшін 10 жылдан бері «Инватакси» қызметін пайдаланады екен. Талдықорған қаласындағы «Ақжанель» медициналық сауықтыру орталығында медбике болып жұмыс істейтін Жадыра Қасымова да «Инватакси» қызметіне дән риза.
– Өмірдің сынағы десек те біздің де арқалаған арман, алға қойған мақсатымыз бар. Тірлік етуіміз, қоғамға пайдамызды тигізуіміз керек. Бұл орайда «Инватакси» қызметінің облыс орталығында жұмыс істейтініне қуаныштымын. Жүргізушілер бізді көліке отырғызып, діттеген жерімізге жеткізіп жүр. Олардың күлімдеп амандасқаны, жылы шыраймен тілдескені, қызметін ерекше шабытпен жасағаны бізді қуантады, – деді қос балдақты серік еткен ақ халатты абзал жан.
Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, «Инватакси» қызметі Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабы 3-тармағының 2-тармақшасына және «Мүгедектерді автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларына» сәйкес жүргізіледі. Жалпы, Жетісу облысы бойынша «Инватакси» қызметін 8 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Облыста 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 293,4 млн. теңге бөлініп, 14 жаңа «Инватакси» автокөлігі сатып алынып, бүгінгі күні барлық 14 автокөлік қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне берілді. Нәтижесінде облыста «Инватакси» саны 1 жылда 2 есеге артты.
Айта кетерлігі, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Инватакси» қызметіне облыс бойынша барлығы 60 049-дан астам өтініш келіп түскен. Талдықорған қаласында 2 «Инватакси» қызметі жұмыс істейді десек, олар – «Ерлік» қоғамдық бірлестігі (8 көлік) және «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Талдықорған» корпоративтік қоры (5 көлік).
Аталған қызмет түрінің жұмыс барысымен танысуға арнайы шыққан өңір журналистеріне шара барасында «Инватакси» жобасының үйлестірушісі Нұрбек Тұрғанов сұхбат берді. Ол:
– Осыдан 10 жыл бұрын «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Роза Ақжаркенованың бастамасымен «Инватакси» қызметі құрылды. Осы жобаны іске асыра бастаған жылдары 3 автомобиль азаматтарға қызмет көрсетсе, қазір мемлекет қолдауының арқасында көлік саны 8-ге жетті.
«Инватакси» қызметінің жүргізушілері мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа, оқуға, спорттық іс-шараларға, оңалту орталықтарына апарып, соңыра үйіне жеткізіп отырады дей келе, аталған әлеуметтік қызмет мемлекет есебінен тегін жүргізілетінін айрықша атап өтті.
Біз өз кезегінде «Инватакси» қызметін пайдаланушылар осы қызметті құруға, қолдауға, іске асыруға, дамытуға қатысқан барлық адамдарға алғыс жаудырып жүргенін, риаза екенін де айта кетуге тиіспіз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





