Алматы облысындағы маңызды күре жолдардың бірі «Кеген–Нарынқол» автожолы бойында қозғалыс қайта жанданды. Бұған дейін табиғи факторлардың әсерінен бүлінген жол учаскесінде көлік қатынасы уақытша айналма бағыт арқылы ұйымдастырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, жолдың 20-шақырым тұсында көліктер үшін балама бағыт әзірленіп, қатынас үздіксіз қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда аталған аумақта жағдай тұрақталып, жүргізушілер еш кедергісіз қозғалып жатыр.
Еске салсақ, 2026 жылғы 3 сәуір күні сағат 11:30 шамасында осы автожолдың аталған бөлігінде күтпеген жағдай тіркелген еді.
Көктемгі еріген суларды өткізу барысында ескі су өткізгіш құбыр зақымданып, салдарынан жол жабыны шайылып кеткен. Соның әсерінен негізгі бағытпен қозғалыс уақытша шектелген болатын.
Мамандардың айтуынша, бұл жол телімі тәулігіне шамамен 500-ге жуық автокөлікті өткізеді. Яғни, өңір үшін маңызы зор қатынас артерияларының бірі саналады. Алайда жолдың салынған уақыты да өз әсерін тигізбей қоймай отыр. Аталған автожол 1960–1970 жылдары пайдалануға берілген, сондықтан инфрақұрылымның тозуы да осындай жағдайларға себеп болуы ықтимал.
Қазіргі кезде жол қызметтері қалыпқа келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Уақытша шешім ретінде енгізілген айналма бағыт қозғалыстың толық тоқтап қалуына жол бермей, қатынастың үзілмеуін қамтамасыз етуде.





