Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз қарсаңында Көксу ауданында ел жүрегін жылытқан қуанышты оқиға орын алды. Көктемнің жаңаруымен астасқан бұл игі бастама талай жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 27 отбасының көптен күткен арманының орындалған сәті болды. Жаңа баспананың кілті табысталған сәт әр шаңырақ үшін үміттің ақ таңындай атқан, болашаққа деген сенімді нығайтқан ерекше мезет.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Дәулет Халелов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілегін арнады. Ол өз сөзінде ел игілігі жолындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесін атап өтіп, халықтың әл-ауқатын арттыру яғни мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, «Отбасы банк» акционерлік қоғамының Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Мұратұлы да игі шараға қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтап, баспаналы болудың мән-маңызына тоқталды.
Бұл жолы жаңа үйлер ауданның бірнеше елді мекенінде пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Балпық ауылдық округіне қарасты Балпық би ауылында – 23 үй, Лабасы ауылдық округіндегі Еңбекшіқазақ ауылында – 2 үй, Жарлыөзек ауылдық округіндегі Мұқаншы ауылында – 1 үй және Мұқаншы ауылдық округінде тағы бір баспана иесін тапты. Бұл үйлер ең алдымен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға үлестірілді.
Аудан басшысы өз сөзінде соңғы жылдары тұрғындарды баспанамен қамту бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, 2022-2024 жылдар аралығында Көксу ауданында 188 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізген.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алған. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 90 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталмақ. Жыл басынан бері «Отбасы банк» арқылы 6 отбасы баспаналы болса, жыл соңына дейін қалған үйлер де кезекте тұрған азаматтарға берілетіні белгілі болды.
Қоныс тойы – қазақ үшін қашанда ерекше мәнге ие ұлы қуаныш. Сол қуанышты сәтте аудан әкімінің қолынан пәтер кілтін алған тұрғындар ақжарма алғыстарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті. Бұл әр отбасының ертеңге деген сенімін нығайтқан, бала-шағаның болашағына берілген берік негіз.
Расымен де, «үйі бардың – күйі бар» демекші, әрбір шаңырақтың түтіні түзу шығып, берекесі артқаны қуаныш. Көксу өңірінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мұндай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы





