Көлтабандықтар үшін жыл жайдарман жаңалықпен басталды. Енді ауылдағы ағайын балаларын басқа елді мекендегі мектепке тасымалдауға мәжбүр болмайды. Себебі, білімге құштар балалар үшін шағын орталығы бар 120 орынды жаңа мектеп есігін айқара ашты.
Жаңа, жайлы, қауіпсіз білім ошағы бейімделген мектептің орнына салынды. Ескі мектепте асхана, мәжіліс және спорт залы болмаған. Оқушылар 9-сыныпқа дейін білім алса, ал 10-11-сыныпқа келгенде басқа мектепте оқитын. Енді бұл мәселе түбегейлі жойылғанына ауыл халқы дән риза.
Ауылдағы ағайынның қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов арнайы келді. Ол Президент тапсырмасына сәйкес өңірде қала мен ауыл мектептеріндегі оқыту деңгейін теңестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
– Облыс құрылғалы бері мектеп ғимараттарын жаңарту, материалдық-техникалық базаларын нығайту кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Нәтижесінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі 60 пайызға жетіп, бейімделген мектептердің саны екі есеге қысқарды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, балалар ұзақ жылдан бері бейімделген ғимаратта оқып келген болатын. Енді, міне, ауылда 120 орынды заманауи мектеп пайдалануға беріліп, жайлы әрі қауіпсіз білім алуға мүмкіндік жасалып отыр. Ғимарат заманауи талапқа сай жабдықталған. Пән кабинеттері, ІТ сыныптар, спорт және акт залдары, кітапхана мен зертханалар заман талабына сай жабдықталған. Білім беру саласын қолдау шаралары күн тәртібінен ешқашан да түспейді. Ең бастысы – балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде ұлағатты ұстаздар тынбай еңбек етіп, жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген үміттеміз, – деген Диас Рахметұлы мектепке жаңа модификациядағы химия кабинетінің жабдықтарын сатып алуға арналған сертификатты табыстады.
Көлтабан ауылы тұрғындарының атынан ардагер Мұрат Рахымов алғысын білдірген соң, дәстүр бойынша мектептің құрылысын жүргізген мердігер ұйым «СП NEFT» ЖШС директоры Нұрлан Қадырбаев жаңа мектептің символикалық кілтін білім беру мекемесінің директоры Жамбы Біржановаға табыстады. Мұнан кейін салтанатты шарадағы ең есте қалған сәт мектептің ашылуын білдіретін лента қию рәсімі болды. Себебі, бұл рәсімге құрметті ұстаздармен, қонақтармен бірге балалар да қатысты. Мектеп салтанатты түрде ашылғаннан кейін қонақтар білім ошағының ішін аралап көрді.
Жалғасбек МҰХТАРҰЛЫ, химия, биология пәнінің мұғалімі:
– Еңбек жолымды агротехникалық колледжде бастадым. Соңғы 2 жылда осы мектепте қызметтемін. Оқушыларым бұрын 3 ғасырлық тарихы бар жарық микроскобын қолданса, қазір заманауи микроскоппен түрлі зертханалық жұмысты орындап жүр. Ғаламтормен, сумен қамтамасыз етілген зертханалық кабинетте қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына, ал біз үшін, жайлы жұмыс істеуге жағдай жасалған. Мұның бәрі пәнді терең әрі жан-жақты түсінуге, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді.Шынар ӘБДІКӘРІМОВА, ауыл тұрғыны:
– Ұлым биыл 7-сыныпта оқиды. Бұрынғы мектеп ескі болды ғой. Келген сайын көңіліміз түсетін. Енді, міне, жаңа мектеп ашылып, еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін қуанып жатырмыз. Ескі мектепте спорт зал болмайтын. Дене шынықтыру пәні қыс мезгілінде сыныпта, жазда далада өтетін. Енді жарық, кең спорт зал бар. Осындай білім ошағын салуға атсалысқан барша азаматтарға аналық жүрегіммен алғыс айтамын.Жаңыл ТҮРКІСТАН, 11-сынып оқушысы:
– 9-сыныпқа дейін осы ауылдағы мектепте оқыдым. Алайда мұнда жоғары сыныптар болмағандықтан, Талдықорған қаласындағы №19 мектепте 10-сыныпты аяқтадым. Жаңа мектеп салынғанына қатты қуанып, өз ауылыма қайтып келдім. Мектеп маған өте ұнады. Қала мектебінен ешбір айырмашылығы жоқ. Бәрі әдемі, жайлы әрі заманға лайық.
Мектеп директоры Жамбы Біржанова қонақтарға үш қабатты ғимараттың сынып бөлмелерін таныстырды. «Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Заман талабына сай бой көтерген білім ошағында барлық мүмкіндік қарастырылған. «Оқимын, білім аламын» деген шәкіртке, «Балаға саналы тәрбие, сапалы білім беремін» деген маманға еш кедергі жоқ. Ұстаздар қауымы еліміздің туын биікке көтеретін саналы, білімді, адал азамат тәрбиелеуде тынбай еңбек етеміз», – деді.
Үш қабатты жаңа мектеп ғимаратында 11 пәндік кабинет, 2 шеберхана, кітапхана, спорт және акт залы, асхана бар. Қазіргі таңда мектепте 53 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ал 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталықтың ашылғанына ата-аналар дән риза. Себебі, бұған дейін бұл орталық тек түске дейін ғана жұмыс істеген. Шағын орталыққа барлық жағдай жасалғандықтан бүлдіршіндерге күні бойы балабақшада жүруіне мүмкіндік туды.
Еңлік Кенебай
Көлтабан ауылы,
Ақсу ауданы





