Талдықорғандағы қоғамдық көліктерде «Оңай» деп аталатын жаңа төлем жүйесі іске қосылды. Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековтің айтуынша, бұл жүйе шаһардағы көлік инфрақұрылымына оң өзгеріс әкелумен қатар маршруттық желіні оңтайландыруға, автобустардың дұрыс жүру кестесін құруға, қаладағы қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын біртіндеп жаңартуға мол мүмкіндік береді.
«Алматы көлік холдингі» ЖШС директоры Дәурен Сәбитовтің сөзінше, бүгінде жолаушылар мобильді қосымша арқылы қала ішіндегі көлік қозғалысын бірден бақылай алады. Әрі «ONAY!» мобильді қосымшасы көру қабілеті төмен азаматтарғада пайдалануға қолайлы етіп жасалған. Жаңа жүйенің басты тиімділігі картаны автоматты түрде толтыру, виртуалды картаны тегін ашып, жол ақысын «QR» код арқылы төлеуге, жақын адамдардың карталарын толтыруға, жол жүру билеттерін сатып алуға және жоғалған жағдайда картаны блоктауға да болады. Сондай-ақ, 1-ші қазанға дейін басқа оператордың карталарын «Бірыңғай» ONAY! картасына айырбастау тегін болады. Карталарды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет, жол ақысын қалай төлеу, карталарды қалай толтыру туралы ақпарат компанияның сайтында, onay.kz әлеуметтік желісінде және @onay.kz сайтында анық көрсетілген.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда 480-нен астам аялдама, 26 бағыт бойынша жолаушы тасымалдауды қамтамасыз ететін 228 автобус, 7 тасымалдаушы орын жұмыс жасауда. Жыл сайын қала тұрғындары орта есеппен 36 млн реттен астам жол жүреді. Ал, барлық өңірлерде «Бірыңғай» картасының құны 800 теңге. Колледж студенттері мен оқушылар үшін «Оқушы» картасын, «7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған» картасын бастапқы шығару құны 800 теңге құрайды. Сонымен бірге «Әлеуметтік карта» — 500 теңге; «Республикалық жеңілдік» картасы — тегін.Талдықорған қаласындағы жеңілдікті карта түрлерін алу үшін тұрғындарды тіркеу оқу орындарында, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, сондай-ақ ONAY! қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады. Мәселен, Талдықорған қаласында «Бірыңғай» картасын ONAY! қызмет көрсету орталығынан сондай-ақ «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде сатып алуға болады. Жеңілдікті карталарға қаладағы Н.Назарбаев даңғылы 35а мекенжайында орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміне өтініш беру арқылы рәсімдей ала алады.
– «Талдықорғанда қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие тұрғындардың жаңа санаты белгілген. Осыған байланысты облыс орталығында 40 мыңнан астам тұрғын жеңілдік алатын санаттарға жатады. Қала бойынша қазір 5 мыңға жуық көпбалалы ана тіркеуде. Олардың ішінде 2500 ана тегін жол жүру билетін қолданады. Сондай-ақ, қалалық тасымалдаушы мекемелер өз қаражаты есебінен 70 жастан асқан зейнеткердің тегін жол жүруін қамтамасыз еткен. Сонымен қатар жыл сайын есту және көру қабілиеті төмен ІІ және ІІІ топтағы мүгедектерге, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері мен желтоқсан оқиғасының қатысушыларына 750 дана жол жүру билеті тегін беріледі», –дейді қала әкімдігінің өкілі.
Дәлірек айтқанда ел аумағында Талдықорған қаласы көп балалы аналар мен оқушы-студенттерге тегін жол жүруді қамтамасыз етіп отырған жалғыз қала. Ал, өзге қалаларда жол жүру құнының 50 пайызы ғана қарастырылған.
Айдын КӘЛІМХАН