Жаркент өңірінде тұрғындардың тіршілігіне серпін беретін жаңа нысандар саны арта түспек. Биыл медицина саласында оннан астам мекеменің жаңа ғимараты бой көтеруде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде Қорғас, Сарытөбе, Аққұдық, Сүптай, Садыр, Диқанқайрат ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пункт және Қырыққұдық, Тұрпан, Алтыүй, Ақжазық, Алмалы сияқты тұрғындар тығыз орналасқан елді мекендерге дәрігерлік амбулатория салынады.
Қызылжиде және Керімағаш ауылдарында медициналық пунктке арналған блокты-модульді кешен орнатуға 100,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізілуде. Көпсалалы ауданаралық аурухананың күндізгі бөлім ғимаратына күрделі жөндеуге 350,0 млн. теңге бөлініп, қазір соның 282,2 миллион теңгесі игерілді. Еңбекші, Головацкий, Нұркент ауылдық дәрігерлік амбулаторияларын ағымдағы жөндеуге 48,9 млн. теңге беріліп, құрылыс жұмыстарын атқаратын «SeBor» ЖШС және «Масәлім Елшат» жеке кәсіпкерлігімен шарт жасалды.
Шежін ауылындағы 15 төсекке арналған фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы үшін өткен жылы 208,0 млн. теңге игеріліп, биыл ғимаратты толық тамамдауға 2,0 млн. теңге қосымша бөлінді. Надек ауылындағы 25 төсекке арналған дәрігерлік амбулатория құрылысын бастауға 200,0 млн. теңге қарастырылып, «Жаркент алғыр» ЖШС іске кірісті.
Былтыр Үлкеншыған, Атамекен ауылдарында жабық спорт кешендері пайдалануға берілген болатын, биыл Көктал, Үшарал ауылдарында жаңа жабық спорт кешендері салынуда.
Білім саласын дамыту үшін өткен жылы Жаркент қаласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 1200 орынды мектеп құрылысы басталды. Білім ошағы қараша айында қолданысқа беріледі. Мектеп пен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын аяқтауға 4,2 млрд. теңге бөлініп, маусым айына дейін 747,3 млн. теңгесі игерілді. Сонымен бірге, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Лесновка ауылында 300 орынды жаңа мектеп құрылысын салуды бастауға 2,9 млрд. теңге қарастырылған. Салынғанына жарты ғасыр өткен Ә. Қастеев атындағы орта мектеп ғимаратына және «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Головацкий атындағы орта мектептің ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы қыркүйек айында бітеді. Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектептің стадионына ағымдағы жөндеу жұмысы жалғасуда. Головацкий ауылдық Мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмысын аяқтауға 49,2 млн. теңге бөлінген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы ауданның 25 ауылына газ жеткізу құбырының және газ тарату жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында кең ауқымды жоспар жасалып, 2026 жылға дейін өңірдегі 31 елді мекен газдандырылады.
Тұрпан ауылдық Мәдениет үйін күрделі жөндеу және Жаркент қаласындағы «Ә. Қастеев көркемсурет галереясын» ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Биыл халқымыздың ардақты тұлғасы, Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толып отыр. Қазақ халқының бейнелеу өнеріндегі тұңғыш суретшісі атанған тума таланттың мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту бағытында облыста бірқатар шаралар қолға алынған. Соның бастысы, Жаркент қаласындағы орталық Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев есімімен атау жөніндегі жерлестерінің тілегі және облыс орталығында суретшінің ескерткішін орнату. Суретшінің 100 жылдық тойы үстінде ашылған Жаркент қаласындағы «Ә. Қастеев көркемсурет галереясының» жұмыс жасағанына 20 жылдың жүзі болыпты. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын бөренелерден қиюластырып салынған көне ғимараттың соңғы жылдары кенеуі кетіп, сыртқы қабырғасының сыры қабыршықтанып аршылып, жөндеу жұмыстарын тілеп тұрған болатын. Өнер ошағы жаңартылып, халыққа қызмет етеді.
Жаркент – Қорғас тасжолының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауыр жүк көліктерінің табанында тапталып, әбден тозығы жеткен жолдың жөнделе бастағаны жұртшылықты қуантып отыр. Өңірдегі басқа да автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту бағытында жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Айталық, Ынталы ауылының кірме жолын, Жаркент қаласындағы Сыпатаев, Ходжамяров көшелерін күрделі жөндеуге, Алмалы ауылының Бөлек батыр, Тұрпан ауылының Әуезов, Үшарал ауылының Сауранбаев, Басқұншы ауылының Кененбаев, Қаратаев көшелерін орташа жөндеуге, Жаркент қаласы көшелерінің ойық жерлерін ағымдағы жөндеуге, Жаркент қаласы мен Алмалы, Алтыүй, Тұрпан, Головацкий ауылдарының көшелерін ағымдағы жөндеуге биыл бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Оның сыртында Үшарал – Сарпылдақ автомобиль жолын күрделі жөндеуге, Алматы – Көкпек – Шонжы – Көктал – Қорғас жол бойына қызмет көрсету нысаны мен Надек ауылы арқылы Сүптай ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуге, Көктал – Жаркент – Арасан жол бойына қызмет көрсету нысаны мен Әулиеағаш ауылы арқылы Еңбекші ауылына кіреберіс жолы мен Жаркент – Сарыбел автомобиль жолын орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Өзбекстан Республикасының шегарасынан Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас, Көкпек – Көктал – Благовещенка арқылы Қырғыз Республикасының шегарасына, Басқұншы ауылына кіреберіс, облыстық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеуге жобалық- сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, Сарыөзек – Көктал автожолының 45-68 шақырым аралығында күрделі жөндеу жұмысы жалғасуда. Бүгінгі күні 20 су өткізгіш құбыр, апаттық жолдар, асфальтбетон жабындының төменгі және жоғарғы қабатын орнату және жол жиектерін нығайту жұмысы толығымен аяқталды.
Панфилов ауданындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 4 жоба әзірленіп, мемлекеттік сатып алуға құжаттары дайындалуда.
Жаркент қаласында 60 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысына 2023-2024 жылдары 2,1 млрд. теңге бөлініп, соның 1,6 млрд. теңгесі игерілді. Осы тұрғын үйлерді абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысын бастауға 18,4 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен Жаркент қаласында 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы салынуда. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 40 тұрғын үй сатып алуға 561,4 млн. теңге және кредит есебінен 60 үй сатып алуға 962,8 млн. теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу шарасы өткізілуде.
Ауызсудың сапасын жақсарту мақсатында Еңбекші, Көктал, Надек, Қырыққұдық, Шолақай су құбыры желілерін қайта жаңарту және салуға 4,0 млрд. теңге қарастырылып, есепті кезеңге 1,1 млрд. теңгесі игерілді. Ават, Головацкий, Сүптай, Үлкенағаш, Көктал – Арасан, Жаркент – Арасан, Аққұдық, Диқанқайрат, Ақкент, Шежін, Үшарал, Қызылжиде елді мекендерін жерасты суымен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмысы басталды. Сонымен қатар Керімағаш ауылының сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды.
Жаркент қаласындағы «Өркен» орталық саябағын абаттандыруға 359,6 млн. теңге бөлініп, 114,0 млн. теңгесі игерілді. Көктал ауылындағы орталық саябақты ағымдағы жөндеуге 18,5 млн. теңге, Жаркент қаласындағы 7 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберіс аулаларын ағымдағы жөндеуге 33,9 млн. теңге, Жаркент қаласы мен Садыр, Кішішыған, Әулиеағаш ауылдарына балалар ойын алаңын орнатуға 35,1 млн. теңге бөлінген.
Жаркент өңірі тынымсыз еңбектің нәтижесінде жұрттың жайлы тіршілігін қамтамасыз ету үшін табысты жұмыстар атқаруда. Оған жоғарыда көрсетілген жобалардың атқарылуы мен оған қарастырылған қаржының қомақтылығынан көз жеткізуге болады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





