Облыстық мәслихат Райымбек ауданынан бөлу арқылы жаңа аудан құру жөнінде 2017 жылы 10 тамызда шешім қабылдады. Халық көптен күткен бұл мемлекеттік маңызды істің ҚР Үкіметі тарапынан қолдау табатынына сенімді. Шекаралық аймақтың экономикасын нығайтуға, басқаруды ыңғайлы етіп, сол өңірлердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ел іргесін берік етуге бағытталған бұл шешімді қуана құптаймыз. Облыс әкімі мен облыстық мәслихатқа мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастырылып, халықтың талабымен үйлестірілген шешімдері үшін ризалықпен алғыс айтамыз.
Жуырда Кеген ауылындағы аудан жұртшылығының өкілдері, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, тарихшы ғалымдар, ел азаматтары қатысқан жиында бөлінетін ауданның атын белгілеу мәселесі талқыланды. Жаңа ауданды қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімімен байланыстырып Мұқағали ауданы деп атау жөнінде бірауыздан ұйғарым жасалды.
Мұқағали Мақатаев иісі қазаққа танымал. Жырлары миллиондаған жүректі баураған ақын есімі айрықша құрметпен аталады. Мұқағалидың үні – азаттыққа ұмтылған Алаштың үні. Оның жыры күрескерлік рух пен махаббаттан өрілген, ізгілік пен имандылыққа үндеген. Мағыналы сөздері ой тереңіне бойлатып, асыл мұраттарға жетелейді. Өміршең өлеңі кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғайды. Сондықтан да ол – «ХХІ ғасырдың құрдасы», сондықтан да ол – болашаққа жылжып бара жатқан қазақ көшінің алдында, сондықтан да ол – «миына ұлттың коды жазылған ақын». Мұқағали – ұлтқа және ұрпаққа керек тұлға. Халықтың ұстазына айналған ағартушы. Ұлы ақынды ұлықтаудың мәнісі мен маңызын осы тұрғыдан түсінгеніміз жөн. Ұлан-ғайыр дарынымен бір елдің аясынан асып, бүкіладамзаттық биікке көтерілген М.Мақатаевты өмір сүрген заманы дер шағында бағалап үлгермеді. Поэзия көгінде көрінуді пешенесіне жазғанын анық ұғынған, өз еңбегінің қайтарымына сенген хас талант қаламынан өшпес, өлмес өлең туды.
«Ақынның ақындығы атақта емес, ақынның ақындығы арда ғана». Мұқағалидың бұл анықтамасы дәл өзі үшін де айтылғандай. Ақынды арының тазалығы, адамдарға адалдығы, шыншылдығы мен табиғилығы, боямасыз болмысы кейін үлкен құрметке бөледі. Ол қоғамдық құбылыстарды, табиғат тылсымдарын, пенделердің пиғылын тамыршыдай тап басып, сана-сезімнің безбеніне салды. Ақын жырларындағы алтын тағадай шегеленген астарлы ойлар, жан толқытар толғаулар иірімі оны әлемдік ойшылдардың қатарына қосты.
Мұқағали – ұлттық мақтанышымыз. Оның кіндік қаны Жетісудың топырағына тамды. Талбесігі таулардың аясында тербелді. Ақын даңқы жерлестерінің бәріне ортақ. Хантәңірі шыңына көз салған биік өңірдің өр тұлғалы тұрғындары Мұқағали өлеңдерін жатқа айтады, әнге қосып шырқайды. Ақынымен сырласады, мұңдасады. Артына қалдырған теңдесі жоқ рухани қазынасынан сусындайды.
Мұқағали десек, аспантаулардың барлық аймағы көз алдыңа келеді. Мұқағали десек, бабаларымыздың бейнелері еске түседі. Осындай дара талант иесін кеңестік кезең лайықты бағаламады, марапатын қимады. Жыр тарланы дүниеден озған соң кеткен қателіктер түзетіле бастады. Тәуелсіз елі, туған халқы тұлпарға лайық ер-тұрманын түгендеді. Атап айтқанда:
1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағы әдеби сыйлық тағайындады. Оның ішінде М. Мақатаев атындағы сыйлық та болды. Бұл сыйлықпен 1985-1990 жылдар аралығында біршама қаламгерлер марапатталды.
1991 жылы «Жазушы» баспасы «Тұлпар» сыйлығын белгілеп, оның алғашқы жүлдегері М. Мақатаев болды. «Жырлайды жүрек» кітабы лауреат атанды.
2000 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының шешімімен екі тұлғаға – Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевқа «Ғасыр ақыны» атағы берілді.
2000 жылы «Аманат» жыр кітабы үшін М. Мақатаевқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Алматы облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласында бірқатар мектептерге ақынның есімі берілді. Алматы мен Талдықорғанда ескерткіштер ашылды. Ақынның Қарасаздағы мемориалдық музейі бүгінгі заманға сай қайта жаңғыртылды.
Ақын өмірге келген 9 ақпан «Мұқағали күні» ретінде аталып жүр. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағы Мұқағали жырымен сусындайды. Оның рухын еске алады. Бұл – қазақ поэзиясына зор үлес қосқан ақиық ақынға арналған қалың қауымның құрметі.
2005 жылдан бастап әдеби-мәдени, танымдық республикалық «Мұқағали» журналы шығып келеді. 2016 жылы «Мұқағали» энциклопедиясы жарық көрді. Әділ Медетбаев «Мұқағали және Моцарт» деген деректі фильм түсірді. Әлемдік екі тұлғаны бір-бірімен салыстырды. Серік Жанболат жасаған осындай фильм де көпшіліктің көңілінен шықты. Әкім Тарази, Оразбек Бодықов, Серік Тұрғынбекұлы секілді драматургтер Мұқағали тұлғасын сахнада сомдады.
70-жылдардың соңында Мұқағали жырлары «Зов души» деген атпен орыс тілінде шықты. Сол үрдіс одан әрі жалғасты. Орыс оқырмандары Мұқағалимен қайыра қауышты. 2011 жылы ақын өлеңдерінің ханзу тіліндегі аудармасы қытай жұртын тамсантты. 2014 жылы түрік тілінде шыққан қабырғасы қалың кітабы тез таралып кетті. Қазақ жыры Мұқағали арқылы екінші жарты шарға өтті. 2015 жылы Нью-Йорк қаласындағы «Metropoliten Classics» компаниясы ақын өлеңдерін ағылшын тілінде шығарды. ТМД-ның әдебиет сүйер қауымы үшін Мұқағали Мақатаев танымал ақын.
Бүгінгі мәнермен бейнелесек, Мұқағали есімі – бренд. Мәселен, оның атымен аталған оқу орындары білім дарытқан құтты шаңырақтарға айналды. Осындай мүмкіндікті туған жұртының да пайдаланатын сәті туып тұр. Облыстық мәслихаттың Райымбек ауданынан бөлу арқылы жаңа аудан құру жөніндегі шешімінен кейін сол ауданның атын айқындауға байланысты әртүрлі ұсыныстар жасалды. Мәселен, Кеген, Қарқара, Әлмерек, Мұқағали атаулары талқыға салынды. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған «Кеген» деген сөздің ұғымы ескірген. Оның келешек ұрпақ үшін ешқандай мәні қалмады. Кеген өзені, Кеген ауылы бар. Оған аудан атын үстемелеу тіпті артық. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Қарқара жәрмеңкесі, Қарқара көтерілісі болған жердің тарихи атауын иеленген Қарқара өзені, Қарқара ауылы, Қарқара тауы, Қарқара жайлауы бар. Қарқара тарихта қалған, ол ешқашан өшпейді, мәңгі сақталады. Әлмерек бабаның туған жерді қорғаудағы күресі, даналық ісі ұрпақтарына үлгі-өнеге. Өкінішке қарай, даңқты бабаның тарихи деректерін құжаттардан іздеп, айқындау, насихаттау жағы әлі күнге кем соғып тұр.
Президент Н. Назарбаев «Рухани жаңғыруды» алға қойды. Соған сәйкес жаңа аудан – Мұқағали ауданы болып белгіленсе дейміз. Ауданның атына байланысты арнайы мәселе қараған, Кеген ауылында өткен жұртшылық өкілдерінің алқалы жиналысы қабылдаған қаулыны біз де бірауыздан қуаттаймыз. Себебі:
Бұрынғы Кеген ауданы енді Мұқағали ауданы атанса, ақынға деген сүйіспеншілік екі өңірдің халқын бұрынғыдан да жақындастыра түседі; ақын есімі жаңа ауданға тың күш береді; оны бүкіл Қазақстанға әйгілі етеді; аудан «Мұқағали еліне» айналады. Елімізден, алыс-жақын шетелдерден Мұқағали ауданын көргісі келетіндер көбейеді. Бұл ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ықпал етеді. «Мұқағали ауданы» болған соң ақынның алдағы мерейтойлары өзі атындағы өңірде, Қарқара жайлауында өтеді. Қасиетті жайлаудың «Қарқара жәрмеңкесіне» қайта айналу мүмкіндіктері көбейеді.
Абай ауданы, Жамбыл ауданы, Мағжан Жұмабаев ауданы қатарына ақынын ардақтаған елдің белгісі ретінде Мұқағали ауданы қосылса, қандай жарасымды және лайықты.
Осының бәрін назарларыңызға ұсына келіп, ономастикалық комиссияның заман талабына сай кемел шешім қабылдайтынына зор сенім артамыз.
Стахан БЕЛҒОЖАЕВ, «Бірлік» акционерлік қоғамының президенті.
Кеңес ҮШБАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, «Фармация» компаниясының президенті.
Амангелді ЕРМЕГИЯЕВ, «Алматықұрылыс» холдингі компаниясының президенті.
Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ, Босатқан ҰЛДАРБЕКОВ, Аян АЙТЖАНОВ, Байғожа НҰРҒОЖАЕВ,
Райымбек ауданының бұрынғы әкімдері.
Әрмен РЫСМЕНДИЕВ, медицина ғылымдарының докторы, академик.
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері.
Есмұхан ОБАЕВ, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Эрнест ТӨРЕХАНОВ, жазушы, М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Ермұрат ҮСЕН, композитор.
Жанболат АУПБАЕВ, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Батық МӘЖИТҰЛЫ, «Мұқағали» журналының бас редакторы.
Сағатбек МЕДЕУБЕК, ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің деканы және басқалар.
————————————————————————————————————————
* Бізден де бір пікір
Ерғали Нүсіпов, техника ғылымдарының докторы, академик:
– Аспантаудың етегін жайлаған қалың елді соңғы уақытта шыққан жаңалықтар қатты елеңдетіп жүр. Әсіресе, Райымбек ауданы екіге бөлініп, Нарынқол өз алдына аудан болатындығы облыстық мәслихатта талқыланғалы бері көпшіліктің көңілін күпті еткен жайттар жайына қалып, өңірдің ендігі атауы қалай аталатындығы алаңдатуда. Жақында аудан орталығы Кеген ауылында өткен алқалы жиында жаңа ауданға Мұқағали Мақатаев есімін беру туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Шынында күллі қазақ даласы жырларын сүйсініп оқитын ақиық ақынның есімі кез келген жерге лайық. Себебі, өзі өлеңге қосқан өңірлердің халқы шайырын жақсы біледі, тік тұрып құрметтейді, келешекке жеткізеді. Ендеше, жаңа аудан ақиық ақын атына әбден лайық деп есептеймін.
Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Ел ішінде көп жүретіндіктен Алатау мен Атыраудың, Алтай мен Қаратаудың арасын алып жатқан байтақ жұрттың тілек-арманы көкірекке қатталып қалады. Туған жердің, өскен өңірдің халқы кездескен сайын айтатын бір тілек – аудан орталығының шалғайлығы еді. Оның да құдай сәтін салып, шешімін облыстық мәслихат бекітіп берді. Райымбек ауданы екіге бөлініп, Нарынқол бұрынғыдай аудан орталығы статусын иеленетін болды. Мұндай жағымды жаңалықтың ізін суытпай Кегенде аудан халқының қатысуымен талқылау жиын өтіп, жаңа аудан асыл жырларымен жаңашыл ұрпақты тербеткен ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлының есімімен аталса деген ой айтылды. Бұл күллі қазақ халқының қуанышы, қазақ елінің мәртебесі. Себебі, Данте Алигьери, Уильям Шекспир, Уолт Уитмен сынды әлемдік классиктерді қазақ тілінде сөйлеткен ақынның есімін ұлықтау бүгінгінің міндеті. Мен де баршаның көңілін тербеткен ұсынысты қолдауға шақырамын.
Оразақын Асқар, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Мұқағали Мақатаевтың ақиық ақындығын, өлеңдерінің өнегелі де өміршеңдігін дәлелдеп жату артық болар. Ең көп оқылатын ақынның бірі ретінде көзінің тірісінде 11, қайтыс болған соң 12 кітабы жарық көрді. Қысқа уақыттың ішінде жазып қалдырған осындай мол мұрасы сирек кітаптар қатарында. Мұқағали жырлары орыс, қытай және басқа тілдерге аударылды. Мысалы, Шыңжаңда төте жазумен басылған «Қаздар қайтып барады» деген жинақ халық сұранысына орай 6 рет қайта басылыпты. Бұл Мұқағали жырлары оқырман ойында, жұртшылық жүрегінде екендігін білдірсе керек.
Өз басым «Ғасыр ақыны» есептейтін Мұқағали Мақатаев есімінің жаңадан құрылатын ауданға берілуін құптаймын әрі дұрыс деп есептеймін. Өйткені, халқының тек жетістігін, мінез-құлқын, дүниетанымын, көрегенділігін паш еткен шайырды ұлықтау келешекке артылған міндет.
Жақыпжан Нұрғожаев, «Мұқағали» журналы» ЖШС директоры:
– Ақынын сыйлаған жұрттың жұлдызы биік, айбыны асқақ болады. Жақында ғана облыстық мәслихат шекаралық аймақтың экономикасын нығайту, сол өңірдегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Райымбек ауданын бөлу туралы шешімін естігенде шынайы қуанғандардың бірі едім. Енді, аудан орталығы Кегенде өткен жалпыхалықтың жиын нәтижесін көріп, естіп, қуанышым еселене түсті. Өйткені, халқым деп үлкен жүрегімен кең-байтақ Ұлы даланы сүйіп өткен Мұқағали Мақатаевтың есімін ұлықтауды көпшілік бірауыздан қолдағаны жүректі тебірентті, көңілді серпілтті. Бір кезде:
«Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің», –
деп жырлаған ақын өзінің шын бағасын біліпті. Олай болса көпшіліктің сүйіп оқитын ақынының есімі ауданға берілсе құба-құп.





