Қоғамның іргетасы – білім. Ал білімнің тірегі – ұстаз. Бүгінгі педагогтан уақыт жаңа серпін, жаңа ой, жаңа әдіс күтеді. Осы тұрғыда Талдықорғандағы «Innoverse Taldyqorgan» жекеменшік мектебінде жүзеге асып жатқан «Математикалық сфера» жобасы өңір ұстаздарының кәсіби дамуына тың серпін беріп отыр.
Жобаның авторы – ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, «Үздік педагог» Мұрат Буланов.
Бастама аясында әр бейсенбі күні сағат 16.30-дан 18.00-ге дейін облыстың түрлі мектебінен келген математика пәні мұғалімдері тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелермен танысады.
– «Математикалық сфера» – мұғалімдерге арналған еркін кәсіби орта. Мұнда әр ұстаз өз идеясын ортаға салып, тәжірибесін бөліседі. Білім бөліссе – көбейеді. Біз осы ұстаныммен жұмыс істейміз, – дейді жоба жетекшісі Мұрат Даданбекұлы.
Бұл жоба дәстүрлі семинардан өзгеше. Сабақтар интерактивті түрде өтеді: мұғалімдер дайын тыңдаушы емес, тікелей қатысушы рөлінде. Әр сабақта теория мен тәжірибе қатар жүреді. Жобалық сабақ құрылымы үш кезеңнен тұрады: түсіндіру, қолдану және талдау. Мұндай формат әр ұстазға жаңа тәсілді бірден өз сабағына енгізуге мүмкіндік береді.
Көптеген мұғалім сабақтың құрылымын, есепті өмірмен байланыстыру жолдарын, оқушының логикалық ойлауын дамыту тәсілдерін осы жобада үйреніп жүр. Солардың бірі – Көксу ауданы, Қ. Жапсарбаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Айжан Бірлік.
– Мұрат ағайдың «Математикалық сфера» сабағына үшінші мәрте қатысып отырмын. Аптаның бейсенбісі күні қалмай келемін. Әр сабақ өз алдына бір тәжірибе алаңы. Әсіресе оқушыларға сабақты жеңіл әрі түсінікті жеткізудің әдіс-тәсілдері көп көмегін тигізіп жүр. Бұйырса, осы сабақтар негізінде олимпиада ұйымдастырылады деп естідік. Соған да қосымша дайындалып жүрмін, – дейді ұстаз.
Ұстаз айтқандай, «Математикалық сфера» мұғалімдерге тек білім емес, сенім мен серпін беріп отыр.
Талдықорған қаласындағы Д. Рақышев атындағы мектеп-интернатының тәжірибелі ұстазы Сағадат Ерденбаева үшін де бұл жоба – өз ісіне жаңа тыныс сыйлауда.
– Математика пәнінен 30 жылдай сабақ беріп келемін. Осы курс басталғалы қалмай қатысып жүрмін. Жалпы өте пайдалы сабақтар. Өзіме қажетті дүниелерді түртіп алып, сабақтарымда қолданып келемін. Осындай білікті маманның облыс деңгейінде тегін курс өтіп жатқаны қуантады. Жасыма қарамай, жастардан үйренуге әрқашан дайынмын. Өзіміз сабақ беріп қана қоймай, үйренген де жақсы ғой. Мұрат ағайға сәттілік тілеймін, – дейді ол.
«Математикалық сфера» бүгінде Жетісу ұстаздарының кәсіби және рухани бірлік алаңына айналды. Жобаға қатысқан мұғалімдер өзара пікір алмасып, білім берудегі жаңа бағыттарды бірге талқылайды. Көптеген ұстаз бұл сабақтардан кейін өз сабақ жоспарын жаңартып, жаңа әдістерді енгізе бастаған.
– Әр сабақтың мәні – ұстаз көзқарасын өзгерту. Математика – жай ғана формула емес, ой тәрбиесі. Егер ұстаз дамыса, оқушы да өзгереді, – дейді Мұрат Даданбекұлы.
Оның айтуынша, жобаның келесі кезең- інде облыстық олимпиада мен әдістемелік байқаулар ұйымдастырылмақ.
«Математикалық сфера» – ұстаздар арасындағы ынтымақтастық пен ізденістің нақты үлгісі. Бұл жоба Жетісудағы педагогтердің тәжірибе алмасуына, өзара үйрену мәдениетін қалыптастыруға және білім сапасын көтеруге бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Айта кетейік, ол YouTube желісінде «Murat Bulanov Matematika» атты арна жүргізіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұғалімдер мен оқушыларға арналған бейнесабақтар жариялап отырады. Бұл арна бүгінде шалғай ауылдағы балалар үшін қолжетімді білім көзіне айналды.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ





