Халыққа керегі – жүйелі жұмыс пен нақты нәтиже ғана. Бұл туралы аудан, қала әкімдерін есептік тыңдауда өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ айтты. Бұл ретте Талғар, Еңбекшіқазақ, Көксу аудандарының әкімдері есеп беріп, он айда орындалған жоспарларын жұртшылыққа таныстырды.
Атқарылған жұмыстар айналасындағы сандық көрсеткішке ғана жүгініп, бірізділікпен сыдырта жөнелген есеп беруші әкімдер әуелі облыс басшысының сынына ілікті. Амандық Ғаббасұлы олардан аудан, қала экономикасын ілгерілету үшін ұсынатын нақты жобаларын сұрады.
Алдымен сөз алған Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова жылға жуық уақытта атқарылған шаруалар жайын баяндап шықты. Сөз арасында келесі жылға жоспарларын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, Алматымен іргелес жатқан ауданда тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өзекті. «Өткен 10 айда 71,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін оның көлемін 146 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы болжамды құрылыс ауқымы 17,1 млрд. теңгені құрайды», – деді аудан әкімі.
Есеп беру аясында Р. Садықова Талғар қаласындағы саябақты жаңғыртуға қосымша қаржы керек екенін жеткізді. Алайда облыс әкімі жобаның жай-жапсарымен таныса отырып, жоспардағы нұсқасын көрсетуді сұрағанда, онысы дайын болмай шықты. Бұдан әрі баяндамашыға көңілі толмаған Амандық Баталов:
– Әр жобаны таныстырғанда оның дайын суретін немесе эскизді-жобасын ала келулеріңіз керек. Құры сөзбен айтқаннан ештеңе шықпайды. Одан да дайын нұсқаны осында көрсетіп, жоба барысындағы әрбір ескеретін жайттарды бірге талқылауымыз тиіс. Қаражатты да соған орай бөлуді ойластырамыз, – деді.
Талғардан кейінгі кезекте Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өз есебін ұсынды. Ауылшаруашылығы дамыған аймақта көкөністің көп түрі қысы-жазы өсіріледі. Бүгінде ауданда 18,3 гектар аумақты қамтитын жылыжай бар. Келер жылы оның көлемін тағы қосымша 85 гектар жерге жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, баламалы энергия көздерін пайдалануда да жағымды жаңалық байқалған. Одан алынатын энергияның мөлшерін баяндаған Бинәлі Ысқақ келесі кезекте ауданның әлеуметтік, мәдени өміріне тоқталды.
– Аудандағы бірнеше ауылда жекенің қолына өтіп кеткен мәдени және спорттық нысандар бар. Енді соларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, бірнеше елді мекенге жаңадан мектеп салыну қажеттілігі туындап отыр, – деді аудан басшысы.
Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын шәкірт саны артып келе жатқандықтан, оларды оқу орнымен қамту міндетті де күшеймек. Сонымен бірге, елді мекендерде қазіргі жағдайы тіптен сын көтермейтіндіктен, ауданда жаңадан бірнеше мектеп салудың қажеттілігі туындаған. Осы орайда, облыс әкімі көтерілген мәселелердің өзектілігін талдап-таразылай келе, келер жылғы бюджетке енгізуді тапсырды.
– Айтылған мәселелердің бәрі хаттамаға жазылады. Жан-жақты зерделеп бюджетке кіргізуді ойластырайық. Ең алдымен халыққа қажет нысандар салынуы тиіс. Әсіресе, білім ошақтарының жағдайын жақсартуға баса назар аударуымыз керек, – деді Амандық Баталов.
Келесі кезекте Көксу ауданының басшысы Алмас Әділ есеп берді. Қант қызылшасын себу, жинау, өңдеу науқанындағы жетістіктерді жүйелей атап берген Алмас Әділ жиында қант зауытын газға қосу мәселесін көтерді. Оның пікірінше, осы арқылы қаржылай шығынды азайтып, табысты тағы еселей түсуге мүмкіндік тумақ. Өңір орталығына тиіп тұрған бұл ауданда да жөндеуді қажетсінетін, жаңадан салынуы тиіс әлеуметтік нысандар баршылық.
Соның бірі, тарихи орын – Төрткүл қалашығының орны Жарлыөзек ауылдық округінде. Үш мыңға жуық адам тұратын үлкен ауылда бүгінде не клуб, не Мәдениет үйі жоқ. Әсілі, қазіргі практикалық игі бастамалар бойынша мұндай мәселені шешуде мемлекетке алақан жаюдың да реті жоқ. Демеуші тауып, жомарт жандар көмегіне сүйенген абазал. «Туған жер» бағдарламасы сол үшін бастау алған. Бірақ бұл жобаны жүзеге асыруда Көксу ауданы белсенділік танытпай отыр. Аудан әкімі есебіне сүйенсек, биыл бір ғана жекеменшік балабақша ашылған. Осыған орай, облыс әкімі Амандық Баталов аудан басшысы Алмас Әділге енді осы және өзге де салаларда табысты жұмыс атқаруы үшін нақты тапсырмалар берді.
Қозыбай ҚҰРМАН




