Қазақстанда «Наурыз» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Баспана алушылардың өтінімдерін қабылдау мерзімі 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы «Отбасы банк» филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев, бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Бүлегенов баспасөз мәслихатында айтты.
«Наурыз» бағдарламасының негізгі шарттары:
– алғашқы жарна – 20%;
– тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 7%;
– азаматтардың барлық санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 9%;
– несие мерзімі – 19 жылға дейін.
«Наурыз» бағдарламасына барлық қазақстандық азамат қатыса алады. Тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, «Отбасы банк» салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары кіреді.
Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банкінен» депозит ашу қажет. Бірақ мұнда салым мерзімі ескерілмейді. Жинақ шотта кемі 1 миллион теңге қаражат болуы керек. Бұл соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға да болады. Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы керек. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоқтығы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғы тексерілмейді. Соңғы 6 айда ресми табыс көзі болуы тиіс.
Еңбек қызметінен түскен жалақы, кәсіпкерліктен түскен пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша түскен табыс, стипендия және тұрғын үй төлемдері кіріс көзі болып саналады. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол екі адамды кепілгер ретінде қойып, баспаналы бола алады.
Бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алу бойынша заемның ең жоғарғы мөлшері Алматы мен Астана қалаларында 36 миллион теңге болса, еліміздің басқа өңірлерінде 30 миллион теңге деп бекітілді. Бағдарламаға қатысушы пәтерді «Баспана маркет» порталынан таңдап, сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуі үшін жасалған қадам.
Жалпы, «Наурыз» бағдарламасы 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында елдегі 68 мың азамат жеке тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Биылдың өзінде 12 мың қазақстандық баспаналы болады деп жоспарлануда.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: kz.kursiv.media